Мектептегі құрылыстың кешеуілдеуіне сейсмикалық күшейту жұмыстары себеп болған

763

5 ай бойы күрделі жөндеуден өткен, қаладағы №30 мектептің оқушылары 2-ші тоқсанды өздерінің білім ошақтарында бастады. Ораз Жандосов атындағы бұл мектеп 1963 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Биыл алғаш рет жаңғырған білім ошағындағы жұмыстардың нәтижесі жоғары.

1600 оқушы білім ошағына жаңа оқу жылында кіре алмады. Құрылыстың кешеуілдеуіне сейсмикалық күшейту жұмыстары себеп болған. Ұл-қыздар уақытша жақын маңдағы №44, 2 және 12-ші мектептерге қатынап жүрді. Балалардың қыс түспей, өз мектебіне баратынына ата-аналары да қуанып отыр. «Екі ай бойы әуре сарсаңға түскен күндеріміз артта қалды» дейді олар.

Мектеп басшылығының айтуынша, білім нысаны шатырынан бастап еденіне дейін толық жаңартылған. Ұжымның өтінішімен бастауыш сыныптары спортзал есебінде пайдаланған орынды мәжіліс залы етіп, ол да толық жабдықталыпты. Енді бұл залға орындықтар қажет. Білім басқармасы осы жағын қарастырса деген тілектері бар.

Күрделі жөндеу жұмыстарының барысында мектеп жанындағы шеберханаға баратын жолға шатыр да орнатылған. Енді оқушылар жауын шашында емін-еркін өтеді, су боламыз деп қорықпайды. Мектеп айналасында да олардың жүріп тұруына ыңғайластырылып, аяқжолдар төселген.

Мұнда жаз бойы 150 адам жұмыс істегенін алға тартқан мердігерлер құрылыс материалдарының да, өз тірлігінің де сапасына сенімді.

Нұрлан Күдерұлы