Мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

465

Шымкенттегі №30 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Мердігерлердің айтуынша, күрделі жөндеу 15 -қазанда аяқталады. Бұл білім ошағында тек жөндеу жұмыстары ғана емес, ғимараттың қабырғаларын сейсмикалық нығайту шаралары да жүргізіліпті. Сол себепті де бірінші қыркүйек күні тапсыры алмапты.

Бұл мектептің шатырынан бастап, еденіне дейін толық жаңартылыпты. Қасбеті кісі танымастай өзгерген, тіпті ауласы да абаттандырылып жатыр. Ал оқушылары өзге мектептерге қатынап жүрген ұстаздар болса, «шыдамдылық танытсақ, су жаңа білім ошағының табылдырығын аттаймыз» деп қуанып жүр.

Төртқабатты бұл білім ошағы 1960 жылы салынған. Биылғы күрделі жөндеу жұмысының арқасында мектеп жанындағы шеберханаға баратын жолға шатыр орнатыпты. Енді жауын шашында оқушылар су болмайды. Мектеп айналасында жүріп тұруға ыңғайластырылып, аяқжолдар төселіп жатыр. Мердігерлер мұнда жаз бойы 150 жұмысшы жұмыс істегенін айтып, біткен іс пен құрылыс материалдарының сапасына сенімділік танытып отыр.

Енді санаулы күнде ғимараттың іші оқушыға лық толады. Бүгінде өзге 3 мектепке қатынап жүрген 1300 оқушы өз білім ұяларына оралады.

Нұрлан Күдерұлы