Нұртас Оңдасынов жайлы «Биліктен биік тұлға» фильмінің тұсаукесері өтті

815

Рухани жаңғыруды ту еткен  еліміз бүгінде ұмыт қалған ұлы тұлғаларын түгендеп жатыр. Сондай-ақ, мемлекет қайраткерлерімен өскелең ұрпақты таныстыруға мүмкіндік туды. Қазақ жерінің тұтастығы мен халқының ауызбіршілігін сақтап қалуда аянбай еңбек еткен Нұртас Оңдасынов туралы «Биліктен биік тұлға » деректі фильмінің тұсауы туған жері Түркістанда кесілді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың тың  идеясын ҚР Президентінің телерадио кешені жүзеге асырған. Соңғы үш жылда құнды деректермен толықтырылған деректі фильмнің алғашқы көрермендері Қ. А. Ясауи атындағы қазақ-түрік универститетінің студенттері болды.

Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов, 1904 жылдың 26 қазанында Түркістан ауданындағы «Үшқайық» ауылында, кедей шаруасының отбасында дүниеге келген. Туған анасы – Жұмагүл дүние салып, екінші анасы – Дәрігүлдің қолында тәрбиеленген Нұртас бала кезінен зерек болды.

Ауыл молдасынан жазу-сызуды үйренген ол екі жылда хат танып, жыр-қисса сияқты кітаптарды оқу дәрежесіне жетеді. 16 жасында Нұртас Ташкент қаласында ашылған мектеп-интернатқа қабылданып, сол жерде тәрбиеленеді. Білімге деген зор құлшынысының нәтижесінде жас шәкірт оқудың қиындығына қарамастан өз бетінше ізденіп, ерінбей оқып, орыс тілін жетік меңгерген. Интернаттан кейін орман-тоғай техникумын бітіреді.

Жігерлі жас Орта Азия ирригация инженерлері институтын бітірген соң, орман шаруашылығы саласында әртүрлі деңгейдегі басшылық қызметтерде еңбек етеді. Тағдыр оған  Ғани Мұратбаев, Мұхтар Әуезов сынды ізгі адамдарды жолықтырып, олардан тәрбие алуына мүмкіндік берді.

Нұртас Оңдасынов қай жұмыста болса да, өзін адал қызметкер екенін таныта білген. Сондай-ақ, өзіне тән адалдықпен, жігерлілікпен, қажырлылықпен еңбек еткен. Ол еңбекте шыңдалып, мол тәжірибе жинап, лауазымды, жауапты қызметтерге дейін көтеріледі.

Нұртас Оңдасынов заманның ауыр кезеңінде 13 жыл бойы Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алады. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында Мұғалімдер институтын ашты.

Мойынты-Шу теміржолының құрылысы

Фильмнен үзінді: «Мойынты- Шу теміржолы , кірпіш зауыты құрылыстарына  ат салысқан. Мәдениет саласындағы еңбегі де орасан. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабының жарық көруіне қолдау көрсеткен де Нұртас Оңдасынов.

Халқымыздың перзенттері Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың әдебиет саласының  шыңына жетуіне  Нұртас ағамыз ықпал жасады. Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Хакімжан Наурызбаевты да Қостанайға барған іссапарында байқап, Алматыға алып келіп, оқытып, ат бағушыдан қазақтың тұңғыш мүсіншісін тәрбиелеген, ғалым Қаныш Сатбаевтың жұлдызын жарқыратқан Нұртас Оңдасынов  еді».

Зауытбек Тұрысбеков, Нұртас Оңдасынов жайлы деректі фильм идеясының авторы

Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары: «Фильмнен өздеріңіз көрдіңіздер, Нұртас Оңдасыновтың еліміз үшін атқарған еңбегі орасан. Әсіресе,  Н.Хрущевтың қазақтың  Солтүстік аймақтарын  Ресейге, Оңтүстік өңірлерін  Өзбекстанға, Маңғыстау өлкесін  Түркіменстанға  беру жөніндегі шешіміне қарсы болып, елдің тұтастығын сақтап қалған ұлы тұлғалардың арасында Нұртас Оңдасыновты ерекше атап өтуге болады. Оларды біз ұмытпауымыз керек. Елбасы бастаған  еліміздегі Рухани жаңғыруды осы  елеусіз қалған халқымыздың ұлы тұлғаларын  дәріптеуден бастауымыз керек. Президентіміз Қазақстанды  өркениеті дамыған  30 елдің қатарына енгізу бағытында  талмай еңбектенуде. Алайда, бұл бір адам үшін ауыр, сондықтан да   барлығымыз жұмылып, Қазақстанның мәңгі  ел болуына ат салысуымыз қажет».

Араб, парсы тілдерін жетік білген Нұртас Оңдасынов 1962 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылықпен шындап айналысады. 1969 жылы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көрді.

Гүлсім Оразалықызы  Нұртас Оңдасынов жайлы кітаптардың авторы

Гүлсім Оразалықызы, жазушы: «Бұл фильмде Нұртас  ағамыз жайлы жазған еңбегімнің 20 пайызы қамтылған. Әлі де   көпшіліктің назарына ұсынылмаған дүниелер жеткілікті. Фильм ұтымды шықты. Авторы Назгүл Мырзатайқызын  құттықтаймын. Жастарға айтарым,  егерде мемлекеттік қызметте болсаңдар Нұртас  Оңдасынов сияқты   адал қызмет етіңдер, халықтың  жағдайын жасауға тырысыңдар. Дүниеге қызықпаңдар. Мен ағамды мақтан етемін, бүгін сіздердің, жастардың  ұлы тұлға Нұртас Оңдасыновтың өмірлік жолымен танысқандарыңа қуаныштымын».

Назгүл Әбутұрапова, «Биліктен биік тұлға» фильмінің авторы

Назгүл  Әбутұрапова, фильмнің авторы: «Қазақ даласы ұлы тұлғалардан, ұлы  даналардан кенде емес. Қашанда кенде болмаған. Тек оны ғасырлар өткен сайын шаң басып, архивте қалады. Тарихта қалған керемет ғажайыптар, тұлғалар, деректер бар. Солардың тек жоқтаушылары жоқ. Іздеушісі жоқ жерде алтын да жарқырамайды. Соларды іздеп табуымыз керек деп ойлаймын. Нұртас Оңдасынов жайлы фильмнің тақырыбын «Биліктен биік тұлға» деп қойған себебіміз, ол  кісі ұлтының мүддесі үшін қызмет еткен. Ұлтының болашағы үшін өзінің беделін, жинаған бүкіл, мансабын дейміз бе, жетістігін дейміз бе — барлығын тәрк еткен. Қазір «Рухани жаңғыру» деп жатырмыз.  Неге рухымызды, өзімізді жаңғыртуға, тарихымызды толықтыруға әрекет жасамаймыз?Неге тойханалар салып, оңай табысқа кенелеміз? Той қазақ үшін індет. Одан арылуымыз керек. Ойланатын, жан- жағымызға көз салатын уақыт келді.  Айналамызда төніп тұрған қауіп-қатерден сақтануымыз керек. Ол үшін Елбасының Рухани жаңғыру бастамасын әрбіріміз  қолдап, міндетімізді, жұмысымызды тиянақты адал атқаруымыз керек».

Шынар Оразова