Зауытбек Тұрысбеков: «Аман Төлеев қазақтың батыры еді»

0

Мемлекет қайраткері, техника ғылымдарының докторы, көп жылдар бойы Кемерово облысын басқарған Аман Төлеевтің 80 жылдығына орай Шымкентте халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткен болатын. Аталған іс-шараға Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Түркістан, Қызылорда облыстары мен өзге де өңірлерден марқұмның көзін көрген ел ағалары жиналды.

Жиынға сонымен қатар, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және түрлі сала өкілдері, сондай-ақ, Ресей Федерациясынан арнайы қонақтар қатысты.

Кездесу барысында 20 жыл Кемерово облысын басқарған қазақ перзенті Аман Төлеевтің өмірлік жолы баяндалды. Аманкелді Молдағазыұлы Төлеев 1944 жылы Түркіменстанда дүниеге келген. Жаңасібір теміржол инженерлері институтын тәмамдаған Аман Төлеев еңбек жолын 1964 жылы Кемерово облысында темір жолшы болып бастайды. Жұмысқа деген ынтасы, іскерлігі, жауапкершілігінің арқасында 1988-1990 жылдары Кемерово теміржолының бастығы, 1990-1993 жылдары РКФСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, 1997-2018 жылдан Кемерово облысының губернаторы болды. Қызметінде әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қоятын нағыз халықтық губернатор ретінде есте қалған Аманкелді Төлеев жайлы Еліне еңбегі сіңген дипломат, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Зауытбек Тұрысбеков те өз естеліктерімен бөлісті.

Зауытбек Тұрысбеков

Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – халық­ара­лық қоғамдық ұйымы төра­ға­сы­ның бірінші орынбасары: «Мен осыдан 15 жыл бұрын елші болып жүргенде, 7 азаматтың басын қосып, кесене көтергенбіз. Кейін ол кесенені кешенге айналдыруға, мешіт, музей салуға атсалыстық. Бірақ ақшаны қайдан аламыз дегенде, Аманкелді ағамызға хабарластық. Мен қосыламын деді. Сөйтіп қазіргі Өзбекстандағы  қасиетті жер  Нұртазадағы Әйтеке бабамыздың кешенінде қазіргі тұрған мешіттің бой көтеруіне үлес қосқан біздің Аманкелді ағамыз».

Баяндамашы Аманкелді Төлеевтің жат жерде жүрсе де, ата жұртына көмегі көп тигенін атап өтті. Беделінің соншалықты жоғары болғаны, Тұрар Рысқұловтың Мәскеудің қақ ортасындағы тұрған үйіне белгі орнатуға , Бауыржан Момышұлы атамыздың есімін Волоколамск тас жолындағы мектепке берілуін, Әлия Молдағұлова оқыған  екі мектептің күрделі жөндеуіне 1 млн. доллар бөлінуіне бір-ақ сөзі жеткілікті болыпты. Мәскеудегі метроға Алматы қаласы атауын беруде де ол кісі аянбады.

Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары: «Ржевск шайқасында 101/100 дивизиясының 100 пайызы қазақтар. Олардың аты аталмаған. Подольск қаласында үлкен архив болған. Ол жерге ешкімді кіргізбейді. Осы Аманкелді ағамыздың арқасында соған кіріп, 4 ай құжаттардың барлығын көріп, 10 мың 18-20 жасар жігіттердің атын жазып, Ржевскде тасқа қашап жаздырдық».

«Астраханьдағы Бөкейханның жерленген жерінде жаңа кесененің бой көтерілуіне де Аман Төлеевтің қосқан үлесі ерекше»,- дейді дипломат.

Зауытбек Тұрысбеков: «Астрахань қаласына барғанда, Бөкейханның жерленген жерін  сұрадық. Бір төмпешіктің үстінде темірден жасалған қисық-қисық қазақтың үйі ретінде жасалған дүние. Бұны кім жасады деп сұрадым. Баласы Жәңгірхан Санкт-Петербургте жасаған екен. 30 жылда трактормен басылып, көміліп кеткен. Кейін  оны қайтадан алып, орнына келтіреміз деп қисық-қисық қойған. Біз кесене салмақ болдық. Алайда оған үлкен саяси шешім керек болды. Оған ешкім бармайды.  Амангелді ағаға хабарластық,  «Бір ауыз айтыңызшы губернаторға Жилкин Александр Александровичке, біз сол жерде кесене көтерейін деп едік» деп. Абыройының асқақтаған шағы. Сол губернатор менімен бірге барып, құран оқып, сол жерге белгі қойып, бір жылда биіктігі 21 метр мавзолей бой көтерді».

«Аманкелді Төлеевтің жасаған игі істері ұшан теңіз. Сондықтан 80 жасқа қараған шағында дүниеден озған арда азаматтың есімі ұмыт болмасын, асылдың еңбегін ел білсін, әсіресе жастар үлгі тұтсын деп қызмет жасаудамыз»,- деді Зауытбек Тұрысбеков.