Шаруаға еп-септі күнгей келіншектері шағын бизнесті дөңгелетіп отыр. Бірі кондитерлік өнімдер пісіріп, отбасылық кірісті аттырса, енді бірі қолнөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.
Біздің кейіпкердің де сүйікті ісінен еселеп табыс тауып, тіпті өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Отырарлық зейнеткер мемлекеттік қолдаудың арқасында тігін цехын ашты.Тігіншілер қолынан шыққан көрпе-төсектерді қазақы ою-өрнектер тіпті аша түскен. Зейнет жасына жетсе де еңбекке құлшынысы зор Үрләш Тұрғанбай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 7 млн. теңгенің жеңілдетілген несиесін алған.
Қаражатқа тігін машиналарын алып, қазір 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал мемлекеттік тапсырыс алғанда ауылдың қыз-келіншектерін жалдайды.
Үрләш Тұрғанбай, жеке кәсіпкер: «Қызылордаға мұнайшылардың арнайы киімдерін тігеміз. Жақында Жаңақорғанға тағы 150 киім тігіп жібереміз. Мұндай тапсырыстар кезінде үйді-үйде отырып тігіс тігетін ауылдың әйелдері көмектеседі».
Айта кетейік, Отырар ауданында бағдарлама аясында қаржылық ұйымдар 45 азаматқа шағын несие берген. Олардың дені ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысса, қыз-келіншектер жеңіл өнеркәсіпті ұршықша иіруде.
Амангелді Мұхит, Отырар адандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
«Шағын несиемен 10 айда 45 азамат 197 млн. теңгемен қамтылып отыр. Олардың бірі қызмет көрсету саласында, енді бірі мал шаруашылығын жандандырып келеді».
Бағдарлама аясында кәсіпкерлікті түлету тек Отырар ауданында ғана емес, өңірде қарқын алған. 2 мыңға жуық күнгейлік тұрғын мемлекеттік қолдауды пайдаланып кәсіпке бет бұрған.
Мұхит Отаршиев, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Бастау бизнес» жобасы арқылы 1730 азамат оқуларын аяқтап, сертификаттарын алды. Оның 215 — іне 1,1 млрд. теңгенің несиесі берілді. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған бағдарламасының» 2-бағытында жаппай кәсіпкерлікті дамыту қаралған. Бүгінге дейін 2,6 млрд. теңге көлемінде 500 адам несиемен қамтамасыз етілді».
Мемлекеттен қомақты қолдау көрген кәсіпкер тапсырыс көлемінің күн сайын артып отырғанын айтады. «Алдағы уақыта шеберхананы кеңейтіп, жұмыс орнын арттыруға да мүмкіндік бар» дейді ол.
Мақпал Рысбаева