Пойыз билеттері ЖСН арқылы сатылатын болады

575
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында «ҚТЖ» билеттерін сату жүйесіне блокчейн технологиясы мен ЖСН арқылы сатып алуды енгізу туралы сөз қозғалды, деп жазады Baq.kz.

Қазіргі таңда темір жол билеттерін алыпсатарларға қатысты жұмыстар жүргізіліп отыр. Алыпсатарлар әртүрлі бағыт бойынша, соның ішінде тапшы бағыттардағы билеттерді алдын ала сатып алады да, оны қымбат бағада сатады. Еліміздің барлық өңірінде жүргізілген рейдтерде алыпсатарлардың осындай әрекеттері анықталды. Осыған байланысты жобалық кеңсе «Жолаушыларды тасымалдау» АҚ ақпараттық жүйелеріне рұқсат алды», — деді «Адал жол» жобалық кеңсесінің басшысы Исламбек Майшекин.

Ол осы мәселені бірнеше тараптың талқылауынан соң темір жол саласындағы өкілдермен бірге жобалық топ құрылғанын атап өтті. Билеттерді сату, сатып алу процесінде адами факторлардың ықпалын жоятын қазіргі заманғы өнім жасап шығару жұмыс тобының міндеті болып отыр.

«Осы шаралар арқылы жасанды тапшылықты жою мүмкін болмақ. Айта кетсек, жазғы тасымалдау кезінде билеттер ойдан шығарылған адамдардың атына толтырылады”, — деді Майшекин. Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің басқарма басшысы Дидар Смағұлов әлеуметтік желіде билетсіз жолаушылар мен алыпсатарларға қатысты мониторинг жүргізілетінін айтты.

«Әлеуметтік желіде вагонда заңсыз жолаушылар түсірілген әртүрлі видеолар тарап жаиады. Кейбіреулер кассада билет болмаған соң жолсеріктен не алыпсатардан екі есе бағада сатып алуға тура келді деп жазады. Біз мұны көріп отырмыз. Осы тұрғыда блокчейн секілді технологияларды енгізу міндеті тұр. Бұл мемлекеттік басқаруда жаңа жүйе болып отыр. Осы механизмді енгізіп, мәселені шешкіміз келеді. Жобалық кеңсе осындай жағдайларды анықтап, әлеуметтік желіде мониторинг жүргізеді. “Жолаушылар тасымалы” АҚ пен жобалық кеңсе мұндай жағдайларды бірден назарға аламыз”, — деді Смағұлов брифингте.

Ол қазақстандықтарды белсенді түрде заңсыз фактілер туралы хабарлауға шақырды. “Бұл үшін арыз жазудың қажеті жоқ. “Фейсбукта” пост жазып, агенттік пен жобалық кеңсені белгілеу жеткілікті. Біз оны қарап, жағдайды өзгертетін боламыз”, — деді ол.

Өткен аптада агенттіктің аумақтық департаменттері рейд жүргізіп, 44 билетсіз жүру фактісін анықтаған. Шымкент вокзалында 29 бұзушылық анықталып, 11 облыста билетсіз жүрген жолаушылар болмаған. “Алыпсатарлар ойдан шығарылған аты-жөндермен алдын ала билеттерді сатып алып, қымбат бағада сатады. Осылай жасанды тапшылық пайда болады. Ал қазір біз билеттерді аты-жөнмен емес, ЖСН нөмірмен сатып алуды енгізбекпіз”, — деді Исламбек Майшекин.

Бүгінде темір жол билеттерін аты-жөнді енгізу арқылы сатып алуға болады. “Алыпсатар билетті сатқан кезде қолдарына ешқандай құжат бермейді. 10 мың теңгенің билетін 20 мың теңге сатады. Ол билет бермейді, жәй орын береді. Осындай орын, тізім бар деп жолсерікпен келіседі. 10 мың теңге ҚТЖ-ға барады. Қалғаны алыпсатардың қалтасында қалады”, — дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің басқарма басшысы.

Дидар Смағұлов бұл жолсерік пен алыпсатар арасындағы ұйымдасқан іс дейді. Бұған блокчейн технологиясын енгізу арқылы тосқауыл қоюға болатынын айтты. Екінші әдіс — ЖСН енгізу арқылы билет сатып алу мүмкін болмақ.

“Алдағы уақытта билеттер ЖСН-ға байланып, билетті ойдан шығарылған аты-жөндермен сатып алу мүмкін болмайды. Осыған қатысты ертең жұмыс тобымен кеңес өтеді”, — деді ол. «Жолаушыларды тасымалдау» АҚ даму бойынша вице-президенті Данияр Нұрмағанбетов ЖСН арқылы темір жол билетін сатып алу келер жылы пилоттық режимде қосылуы мүмкін екенін айтты.

“Ресей темір жол базасында болған соң барлық өзгерістерді бірлесе атқаруымыз керек. База орталықтандырылған. Бұл Ресей ғана емес, ТМД елдері қолданатын Кеңес заманында әзірленген тарихи бағдарлама. Ал ақпараттың барлығы қазақстандық серверде орналасқан”,- деді ол.