Шымкентте жұмыспен қамту ортылығының ұйымдастыруымен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған жәрмеңке өтті. Оған 28 жұмыс беруші мекеме қатысып, бір жарым мыңға жуық жұмыс орнын ұсынды. Екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғындар жәрмеңкеден олжалы қайтты.
Ақтолқын Күмісбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Тігінші болып анама көмектесіп жүргенмін. Жәрмеңкеге келіп жұмыс тауып отырмын. Қуаныштымын. Айлығым 80 мың теңге дейді».
Әділет Өмірсейіт, Шымкент қалалық жұмыспен қамту ортылығының маманы: «Жыл басынан бері пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың 83-і тұрақты бос жұмыс орындарына, 1 әлеуметтік бос жұмыс орнына, 1 жастар практикасына, 1 ақылы қоғамдық жұмыс орнына, 17 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама арқылы жолданды».
Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған жәрмеңке осымен екінші рет ұйымдастырылды. Жұмыссыздықты жою мақсатында ұйымдастырылған бұл шаралар жұмыс берушілердің өздеріне қажетті мамандарды таңдауына және екі қолға бір күрек таппай қиналған азаматтардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне сеп болуда.
Мақпал Рысбаева