Шымкентте тұтас бір аудан ауызсудан таршылық көріп отыр

344

Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкенттегі тұтас бір шағын ауданда ауызсу жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол азабы тағы бар. 615 гектар аумақты алып жатқан «Солтүстік саяжай» тұрғындары қыс таяған сайын жандарын шүберекке түйіп, күн кешеді. Себебі батпақты көшемен үлкен жолға шығу әсіресе, мектепке баратын оқушыларға қиямет. Ал балабақша мен білім ошағын салу – мұндағы көпшілік үшін тіптен орындалмайтын арман.

«Солтүстік саяжай» деп аталатын қаланың мөлтек ауданын өркениетпен жалғастырып отырған мына кішкене текпешек қана. Ал қоғамдық көлік қатынайтын үлкен жолға жету үшін жергілікті халықтың көрген қиындығы осындағы қордаланған мәселелердің бірі ғана.

Гүлжан Дүйсебекова «Солтүстік саяжайдан» 2013 жылы жер алған. Пәтер жалдап тұрудан мезі болған жас отбасы бар қаражатын осында салып, әупірімдеп үй тұрғызыпты. «Баспанасы бар демесеңіз, көрген күніміз шалғайдағы ауылдан жаман», – дейді ол. Себебі мұнда шешімін таппай келе жатқан коммуналдық мәселе жетерлік.

Гүлжан Дүйсебекова, «Солтүстік саяжай» шағын ауданының тұрғыны: «Балшық жолды көріп тұрсыздар. Ешқандай жолдан жүре алмайды. Жолға тас төселетінін айтқан. Ол да жоқ. Мына жақтан қосымша жол салынады деген, салынбады».

Мәселе мұнымен бітпейді. Былтыр осы маңнан белгісіз мердігер мекеме газ құбырын жүргізген. Құбырлардың кейбірі соңына дейін көмілмей, ашық жатыр. Өз ісіне салғырт қарағандардың кесірінен құбыр тесілсе немесе жарылса, халыққа зардабын тигізе ме деп қорқады. Шағын аудан тұрғындары ауызсуды аптасына бір рет қана ішеді. Тегін таратылатын су барлығына бірдей жеткілікті емес. Даладағы бөшкесінде апталап тұратын судың тазалығына халық күмәнмен қарайды. Басқа тіршілік нәрі жоқ болған соң, оны ішпеске амалы да жоқ.

Махаббат Құрбанова, «Солтүстік саяжай» шағын ауданының тұрғыны: «Бізге су әкеліңіз» десеңіз, «сендердің жолдарың жоқ, кірмеймін» дейді. Апталап сусыз қаламыз. Дәл қазіргі өркениетті дамыған заманда тура осылай өмір сүріп жатқанымыз қызық».

«Солтүстік саяжайдың» жағдайын білуге жуырда жергілікті билік ат басын бұрыпты. Елмен жүздескен Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов жол мен су мәселесін шешіп беруге уәде етіпті.

Айжан Сыздақова, «Солтүстік саяжай» шағын ауданының тұрғыны: «Мектептің жері сатылып кеткен» дейді. Қалтасы қалың адамдар сатып алған. Мен бұл жерді 2010 жылы алғанмын. Сегіз жыл болды, бір мектептің құрылысы басталған жоқ».

Тұрғындардың жан-айқайын жеткізу үшін Абай ауданы әкімдігіне бас сұқтық. Ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Нұрлан Тілеш халыққа ең қажетті жолдың шешімін табатынын жеткізді. Ауызсуды беруде жоспарда көрінеді.

Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің м.а: «Солтүстік саяжайджың» өзіне атқарылған жұмыстар барысында 3 шақырымға дейін тас төселген. Су мәселесі бойынша, су қысымының болмауынан үлкен суақы жүріп жатыр. Биыл аяқталуы керек. Ауызсуы жоқ 9 елді мекен бар, солардың жобасына ұсыныс беріп қойдық».

Уәде етілген 10 күнде халық үшін нендей шаруа атқарылатыны уақыт еншісінде. Күрмеуі көп мәселе ұдайы назардан тыс қалмақ емес.