Шымкенттіктер Алексей Гончаревпен қоштасты

301

Оңтүстік өңірі, Шымкент, оның ішінде бірегей облыстың журналистикасы ауыр қазаға душар болды. Осыдан үш күн бұрын, ұзаққа созылған ауыр дертінен  танымал өлкетанушы, тарихшы журналист Алексей Гончаров 58 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Ол өңірдің телеарналарында, республиканың бірқатар басылымдарында адал еңбек етті. Оңтүстік Қазақстан өлкесінің тарихы мен географиясын, табиғаты туралы тың деректерді қамтыған екі томдық кітабын шығарды. Күні кеше Оңтүстік жұрты Алексей Гончаровты соңғы сапарға шығарып салды.

Туған өлкесін тануда табандылықпен тер төккен тұлға Алексей Гончаровпен қоштасу үшін жексенбі күні жұрт орыс драма театрына ағылды. Танымал азаматымен қоштасуға келгендердің қарасы қалың еді. Театрдың іші былай тұрсын, сыртында күтіп тұрғаны қаншама?! Алексей Алексеевичпен әріптес, сапарлас, жүздес болғандар ғана емес, қаралы топтың ішінде қала тұрғындарының да қарасы басым. Гончаров тек тележурналист емес, көпшілікті туған қала, туған өлке топырағын сүюге шақырған елінің патриоты болатын.

Туыстары мен достарының қабырғасын қайыстырған бұл қазаның ауырлығын айтып жеткізу мүмкін емес. Гончаровтай тұлғалар замандастар арасында тым аз. Суретші Ольга Потехинаның сөзімен айтсақ, Алексей Гончаров Шымкент қана емес, Қазақстан үшін дара туған азамат еді. Оның еңбектері болашақ ұрпақ үшін жол көрсетер өлкетану оқулығына айналары анық. Және Алексей Алексеевич баулыған талай тілші ұстаз жолын жалғастырып, ұстаз есімін ұлықтары сөзсіз.

Алексей Алексеевичтің «Отырар» телеарнасында да қайталанбас ізі бар. 90-жылдардың соңында телеарнамыздың негізгі корреспонденттерінің бірі болған ол талай жобалардың, апталық бағдарламалардың авторы еді. Республикалық, өңірлік, қалалық баспасөзге шолу жасауды үрдіске айналдырған да өзі болатын. Өзіндік үні, пікірі бар Азаматты көрермені, оқырманы сол кезеңде-ақ мойындаған.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың шолақтығын мойындап, тағы бір тау тұлғамен қош айтыстық. Көзінің тірісінде жаны сүйген Юнона мен Авось рок операсын тыңдаған сайын, енді қатарластары шымкенттік князь Алексей Гончаровты еріксіз еске алады.

Жанар Есенбекова