30-желтоқсан күні қаза тапқан шекарашыларды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді

Еліміздің көк туы осымен биылдыққа екінші рет төмен түсірілді
Қаралы күн жарияланып, шекара қызметінің туы төмен түсірілді
Қаралы күн жарияланып, шекара қызметінің туы төмен түсірілді

30 желтоқсан күні сағат 10:00-де Шымкент қаласындағы жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ұшақ апатынан қаза тапқан шекарашыларды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді.

Қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға өткен сейсенбі 25 желтоқсан күні сағат 18.55 шамасында Шымкент қаласының төңірегінде орын алған болатын. Апатқа ұшыраған АН-72 әскери ұшағы ҰҚК Шекара қызметіне тиесілі еді. Ұшақ бортында экипаждың 7 мүшесі мен 20 әскери қызметкер болған.

Қаза тапқандардың арасында ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы полковник Тұрғамбек Стамбеков, Шекара қызметі Бас басқармасы бастығының міндетін атқарушы полковник Ерғали Нұрлашев, «Оңтүстік» аймақтық басқармасы бастығының міндетін атқарушы полковник Павел Доценко сынды бірқатар офицерлер болды.

Қайтыс болған азаматтармен қоштасу рәсіміне арналған қаралы жиыннан соң, марқұмдардың туған-туыстары қаза тапқан шекарашыларды өздерінің қалаулары бойынша жер қойынына тапсыру үшін алып кетпек.