Түркі тілдес журналистер үшін сөздік жасау ұсынылып отыр

414

Қазақстанда түркі тілдес журналистика үшін сөздік жасау ұсынылып отыр. Бұл ұсыныс Түркістандағы «Turkistan Media» халықаралық орталығы мен «Turkistan» интеллектуалдық клубының ашылуы кезінде айтылды. Шараға еліміздің сондай-ақ шетелдік БАҚ басшылары қатысты.

Медиаорталық халықаралық жаңалықтарды да жариялайды. Ақпараттар түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз және қазақ тілдеріне аударылады. Ал медиаорталық таныстырылымынан кейін ұйымдастырылған халықаралық форумда алдағы жоспарлар пысықталды.

Енді Түркістан облысының ақпараттық қызметі осы ғимаратта шоғырланатын болады. «Túrkіstan media» орталығында аймақтық коммуникациялық қызметтің түрлі брифингтері ұйымдастырылады. Заманауи талапқа сай жабдықталған 70 орындық залда шығармашыл қауымның жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған.

БАҚ-ның жаңа алаңы 5 елді қамтиды. «Túrkіstan media» халықаралық орталығына жергілікті және Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан мен Қырғызстанның озық ақпараттық агенттіктерінің басшылары келді. Түркістан облысының осынау елдер арасында ақпарат алмасуына мүмкіндік беретін меморандум қабылданды.

Келісімнің арқасында енді Түркістан облысы мен еліміз туралы ақпараттар түркі тілдес елдеріне де тарайтын болады. Шетелдік әріптестер осы елдердегі БАҚ арасындағы ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеру керек деп есептейді.

Фузули Зульфуоглу, Әзірбайжанның Қазақстандағы телерадиокомпаниясының өкілі: «Бұл журналистердің байланысын нығайта түседі. Қазір ынтымақтастық біз қалағандай деңгейде емес. Бұрын қарапайым халық тек бұл елдердің басшыларын ғана біліп келген болса, осы кеңістік енді аталған елдердің ішкі жағдайларын, онда болып жатқан маңызды дүниелермен таныстыруға сеп болмақ».

Журналистердің кездесуі халықаралық форумда жалғасты. Мұнда шетелдік және жергілікті басылымдардың басшылары мен ақпараттық агенттіктердің өкілдері, ғалымдар келді. Мақсат — Түркістанды түркі елдерінің рухани орталығына және шаһарды туристер тартатын орынға айналдыру. Ол үшін насихат халықаралық деңгейге сай жүргізілуі керек.

Арман Сейітмамыт, «Ел арна» телеарнасының директоры: «Бізге түркі тілдес журналистердің ортақ сөздігін жасау қажет. Бұл бір-бірімізді түсінісуге көмектеседі.
Форум қатысушылары бұл шаралар қалам ұстаған қауымның шығармашылығына жол ашып, журналистиканың дамуына сеп болады дейді. Ал ашық алаңның құрылуы ақпарат кеңістігінің ашықтығын қамтамасыз етеді».

Мақпал Рысбаева