Жауаптылар жолаушыларды қашанғы жұбата бермек?

395

Еліміздің үшінші мегаполисі — Шымкент қаласында қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешілер емес. Әсіресе, қаланың шет шағынаудандарына қатынайтын автобустар жәйі күрделі күйінде қалып отыр.

Ай санап адам саны көбейіп отырған шағынаудандарға ондаған қоғамдық көлік М.Х.Дулати көшесіндегі «Гипер Хаус” сауда орталығының маңындағы аялдама арқылы өтеді. Таңертең және кешкісін мұнда қысы, жазы адам да, көлік те кептеліп тұрады.

Бәйдібек би мен М.Х. Дулати көшелерінің қилысындағы бұл аялдаманы тұрғындар түгілі, қонақтар да жақсы біледі. Шымқаланың батыс бөлігіндегі бірнеше ондаған шағынаудандарға баратын үлкен де, жас та, бала да осы жерден автобустарға, көбінде таксилерге мінеді.

Расында, мұнда автобус аялдамасы тұрғанымен, қоғамдық көліктен гөрі, жеке таксилерге мінуге таласып-тармасып жатқандарды көп көресің. Тіпті, көліктердің өзі осы маңнан әзер өтеді. Жұмыстан соң үйлеріне жетуге асыққан жұрттың жаға жыртысатын жәйі мұнда үйреншікті көрініске айналған.

Дулати көшесіндегі аялдамада «дәстүрге» айналған осы келеңсіздікті көлік басқармасындағылар жақсы біледі. Олардың айтуынша, Шымкент қаласында барлық бағыттарға автобустар жеткілікті. Алайда, оны күтпейтін көпшілік “Бозарық”, “Достық”, “Тұран”, “Қайтпас”, “Асар”, “Қайнар бұлақ” шағынаудандарына баратындар өздеріне жәйлі көлік іздеп, таксиге таласады.

Наурыз Сүгірәлиев, қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Кешкісін шамалы уақыттан кейін бұл топалаң басылады. Жолаушылардың өздері жайлы, ыңғайлы көлікпен барғысы келеді ғой үйлеріне”.

Алайда, осылай, кінәні жұртқа артқан шенеуніктің сөзін естіген жолаушылар ашуға булықты. Күнделікті көлікке таласып, жүйкесі жұқарған жерлестер автобустарға сыймайтынын алға тартты. “Автобус санын көбейтсе, ешкім артық ақша төлеп таксиге мінбейтін еді”, дейді олар.

Аялдама аумағын ысқырығымен шулатқан полицейлердің әрекеттері де жол бойындағы келеңсіздікке тосқауыл бола алмады. Осында соңғы айларда жағдайды реттеуге келетін жауаптылардың әрекеті нәтижесіз болып тұр. Бұл жолы көлік басқармасындағылар “осы бағыттарға қосымша екі автобус қосамыз, бәрін реттейміз” деп жолаушыларды жұбатып қайтты.

Нұрлан Күдерұлы