Қабыланбекте жаңа мектеп пайдалануға берілді

571

Сарыағаш ауданында үш аусымда оқитын мектептер азайып келеді. Сондай-ақ, ауылдардың барлығы білім ордасымен толығуда. Бұл жолы Қабыланбек ауыл округінде тағы бір білім ошағы пайдалануға берілді. 240 орынды ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған.

Қабыланбек ауыл округіндегі бұл мектепті оқушылар көп күткен. Құрылысы басталып, пайдалануға берілгенше басты бақылаушысы да өздері болған. №52 Махамбет Өтемісұлы мектебінің екінші ғимаратын тапсыру салтанатты түрде өтті. Оған ауыл тұрғындары қатысып, үлкендері шашу шашты.

Әдеттегідей, алдыңғы толқын білім ордасын аралап шықты. Ал оқушылар су жаңа парталарына жайғасып, жарық, әдемі кабинетте білім алатындарына қуанып жатты.

Бұл мектепте 577 оқушы білім алады. Олар алдын 280 орынды ғимаратта оқып келген. Су жаңа нысан ауадай қажет болатын. Мұны ата-аналар да көп күтті.

Айта өтейік, Сарыағаш ауданында биыл 14 мектеп пайдалануға берілді. Келер жылы тағы төрт мектеп оқушыларға есігін айқара ашса, тағы 5 білім ордасының құрылысы басталады.

Ардақ Жақсылықова