Сарыағаш ауданында 23 мектеп ерекше балаларға өтілмеген сабақтар үшін мұғалімдерге ақы төлегені анықталды. Прокуратура мәліметінше, заңсыз төлем көлемі 4 миллион теңгеден асқан. Бұл үшін 300-ден аса қызметкер жазаланған.
Прокуратура Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 23 мектептің былығын ашты. Бұл мектептер ерекше білім беруді қажет ететін 64 оқушыға сабақ өтілді деп жалған ақпарат берген. Және сол үшін бюджеттен мұғалімдерге еңбекақы бөлдірген. Мұны аудандық прокуратура тексеру кезінде анықтаған.
«D.MED» жүйесі арқылы бұл балалардың еліміздің әр өңіріндегі ауруханаларда ұзақ уақыт бойы ем қабылдағаны және үй жағдайында білім алу мүмкіндіктерінің
болмағаны белгілі болды. Соған қарамастан, мұғалімдерге сабақ өткізгені үшін төлемдер жасалған»
Түркістан облыстық прокуратурасы
Мысалы, аудандағы №16 мектептің бір оқушысы жыл бойы ем қабылдаған. Бұл туралы ақпарат арнайы жүйеде сақталған. Әйткенмен, мектеп әкімшілігі оны мұғалімдер оқытты деп, 319 мың теңге еңбекақы берген. Жалпы ауданда 23 мектеп өтілмеген сағат үшін мұғалімдерге 4 миллион 256 мың теңге шамасында заңсыз төлем жасаған.
«Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде бұл қаражат бюджетке қайтарылды. Ал білім беру саласының 311 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды»
Түркістан облыстық прокуратурасы
Айта кетейік, бұл заңсыздықты прокуратура инклюзивті білім беру саласында Еңбек және Бюджет кодекстерінің сақталуына талдау кезінде анықтаған.
Дилара Иса






