Шымкент қаласының қоғамдық қызмет көрсету саласы тағы 39 жаңа жолаушылар автобусымен толықты. Жаңа дизайнмен сәнделген автобустар қаланың шалғай аймақтарына жүретін әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жүреді деп күтілуде.
Әзірге көлік тасымалдау компаниялары тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру бойынша конкурсқа қатысуды жоспарлауда. «Евро 5» классына жататын автобустар дизельді отынмен жүреді. Бүгінде Шымкентте күнделікті 1151 автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның басым бөлігі 7 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, 2018 жылы үшінші мегаполиске 41 жаңа автобустар әкелінген. Алдағы жылы басқада көлік компаниялары жаңа автобустарды алуды жоспарлауда. Осылайша, шаһардағы қоғамдық көлік мәселесі рет-ретімен шешімін таппақ.
Айта кетейік, «Ютонг» маркалы бұл автобустардың сыйымдылығы жоғары, заманауи және қолайлы. Бұл компанияның автобустары бұған дейін де қала көшелерінде қатынап жүр. Осылайша «T-bus» пен «МАН — Оңтүстік» компаниясының өкілдері қаладағы жолаушы тасымалдау қызметінің сапасын жақсартуға үлес қосамыз деп отыр.