10 мыңдық арман…

298

Ол мекемедегі ең төменнен бастап санағанда №1 бастық. Көпшілік оны көзге де ілмейді. Адамның соңғы санаты санап, реті келсе шелегін теуіп кетуге бар. Кейде намысына тиетін сөздер айтып, балағаттайтындар да жоқ емес. Ондайда көз жасын бір сығып алып, шүберегіне жармасады. Басқа амалы да жоқ. Сөзін сөйлер бір адам жоқ. Төменгі санаттыны кім адам депті, шіркін.

Басшының алдында құрақ ұшатындар бұған бір жылы сөзін арнауға арланады. Жылы сөз, мейірімді айналасындағылардан күтпейді де. Заманы сол болса, қайтіпті?! Қызметіне, қаржысына, қолдағы билігіне, тіпті көлігінің санатына қарап сыйлайтын заман емес пе? Адам құнды емес, зат құнды болған кезең. Рас осы.

Жасы елуден асқанда жұмыс орнын ауыстыра да алмайды. Қартаң адамды жұмысқа кім ала қояр дейсің? Жастардың өзі жұмыс таппай жүргенде. Ат шаптырым қос қабатты зәулім ғимаратты таң атқаннан, күн батқанға дейін сыпырып, сиырып шыққанына алатыны 30 мың теңге. Белі бүгіліп, кір суға қолын былғағанға татымайтындай көрінеді кейде. Бірақ амалы жоқ. Бұған да шүкір дейді. Әйтеуір отбасының азық-түлігін осыдан айырып отыр.

Супермаркеттің маңайынан да жүрмейді. Ондағы азық-түліктің бағасы айға ақырып тұр. Қаладағы ең арзан базар жағалағаны. Ондағы бағаны мың салыстырып жүріп, ең арзанын алып, айға жеткізіп амалдайды, әйтеуір.

Бастығы жалақысына 10 мың теңге қосамыз дегелі қашан? Айлар бойы сол 10 мыңды біріне бірін жалғап жинасам, жылтыратып көйлек, кіреберіске кілемше, әдемі ыдыс … сатып алсам деп армандағанына да көп болды. Бірақ қосымша ақы қосылатын түрі жоқ. Ең ауыр жұмысты атқарса да көзге көрінбейді. Амалы жоқ қой, амалы…10 мыңдық арман алыстап барады…

Бақытнұр Дәулет