2018 жылдан бастап енгізілген Салық кодексінің 526-бабының 2-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес, бөлек тұратын зейнеткерлер — меншiк құқығындағы барлық салық салу объектiсінiң жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткiштің 1000 еселенген мөлшері шегiнде жеке тұлғалардың мүлiк салығын төлеушiлер болып табылмайды.
Бұл ереже 2017 жылы да қолданыста болған, яғни, бұл бағытта жеңілдіктер бойынша өзгерістер жоқ.
Салық кодексінің 528-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға меншік құқығымен тиесілі Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғынжайлар, үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге де ғимараттар, құрылыстар, үй-жайлар жеке тұлғаларға мүлік салығын салу объектісі болып табылады.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 529-бабына сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы есепті жылдан кейінгі әрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша айқындайтын салық салу объектілерінің құны (тұрғынжайдың, саяжай құрылысының бір шаршы метрінің базалық құны мен шаршы метрмен көрсетілетін пайдалы алаңы, физикалық, функционалдық тозу коэффициенті және тағы да басқа көрсеткіштерді ескере отырып айқындалған), жеке тұлғалар үшін тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары бойынша салықтық база болып табылады.
Салықтық база жеке тұлғалардың мүлiк салығы салық салу объектiлерiнiң құнына қарай, мынадай мөлшерлемелер бойынша есептеледi:
* 2 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда — салық салу объектілері құнының 0,05 пайызы,
* 2 000 000 теңгеден жоғары 4 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда — 1 000 теңге + 2 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,08 пайыз,
* 4 000 000 теңгеден жоғары 6 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда — 2600 теңге + 4 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,1 пайыз,
* 6 000 000 теңгеден жоғары 8 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда — 4600 теңге + 6 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,15 пайыз,
* және т.б.
2018 жылы, айлық есептік көрсеткiштің 1 000 еселенген мөлшері 2 405 000 теңгені құрайды, бұл ретте айлық есептік көрсеткiш – 2 405 теңге. Яғни, тұрғынжайдың (пәтердің) құны 5 000 000 теңге құрайтын болса, жеке тұлғалардың мүлiк салығы бойынша бөлек тұратын зейнеткерлерге арналған жеңілдіктер тұрғынжайдың осы толық құнына емес, тек 2 405 000 теңге мөлшеріне ғана таралады.
Мысалы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен айқындалған тұрғынжайдың құны 5 000 000 теңгені
құраса, осы сомадан 2 405 000 теңге шегеріліп, мүлiк салығы қалған 2 595 000 теңгеге есептелінеді, бұл ретте, мүлік салығы 1 476 теңгені құрайды (2 595 000 – 2 000 000 = 595 000 теңге * 0,08% = 476 теңге + 1000 теңге = 1 476 теңге).
Ал, жеке тұлғалардың мүлiк салығын бюджетке төлеу салық салу объектілерінің орналасқан жері бойынша есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей жүргізіледі, яғни, 2017 жылға – 2018 жылдың 1 қазанына кешіктірмей, 2018 жылға – 2019 жылдың 1 қазанына кешіктірмей.
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті