Мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады

45

Меншігіңіздегі баспананың мүлік салығын төледіңіз бе? Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы міндетті төлемдерді уақтылы өтеуге шақырады.  2022 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі ағымдағы жылдың 1-ші қазанында аяқталады.

Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сәйкес, 2022 жылдағы мүлік салығы бойынша 66 мың салық салу объектісіне 358 миллион көлемінде салық есептелген. Бүгінгі таңда оның 290 миллионы өндірілді.

Жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы»-ның берген мәліметіне сәйкес, айқындалған құнға байланысты, Салық Кодексінің шкаласына сәйкес есептеледі. 2022 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады.

Осы белгіленген мерзімде салықты төлемеген жағдайда, әрбір кешіктірілген күнге өсімпұл есептелінеді. 2 қазаннан бастап берешекті өндіріп алу жөнінде жеке тұлғаларға хабарлама жолданады,- деп ескертеді басқармадағылар.

Жұман Шерхан, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы: «Хабарламаны орындауға 30 жұмыс күні белгіленген. Орындамаған жағдайда ол жөнінде салық бұйрығы шығады. Берешекті мәжбүрлеп өндіру үшін бұйрық сот орындаушыларына жолданады. Жеке сот орындаушылар салық бұйрығы бойынша берешек қарызды өндіреді. Сонымен қатар, өтелмеген жағдайда банк есепшоттарына, шетелге шығуға және мүліктеріне шектеу қойлады».

Тағы бір ескеретін жәйт, берешекпен бірге сот орындаушылары өз еңбекақысы ретінде қоса 25 пайызын өндіріп отырады. Келеңсіз жағдайға тап болмас үшін, сала мамандары мүліктері Әділет департаментінде тіркелген әрбір азаматты 2022 жылдың мүлік салығын төлеуге шақырады. Сонымен қатар, 2020-2021 жылдар бойынша есеп айырыспаған азаматтарға да міндетті төлемді өтеу қажеттігін еске салады.

Жұман Шерхан, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы: «2020 жылы, 2021 жылдарға мүлік салығын төлемеген 8 мың салық төлеушінің 30 миллион берешегі бар. Оларды өндіру бойынша сот орындаушылары жұмыс жүргізуде».

Бұл бағытта Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.