Білім саласының бухгалтерлері наразы

368

Көкейлерін күпті еткен көп сауалға жауап іздеген есепшілер үшін бұл жаңалық оңтайлы болмай тұр. Бірден 80 — ге жуық есепші жұмыссыз қалуы мүмкін.

Білім басқармасы тарапынан жасалған «жаңа жылдық тосынсыйға» тосырқап қараған экономистер наразылығын білдіруде. «Орталықтандырылды деп 60 мың теңге айлыққа 300-400 шақырым жердегі ауылдардан Түркістанға қатынау тиімсіз», дейді олар.

Сағила Байтөреева, Қазығұрт аудандық арнайы мектеп-интернатының бухгалтері: «Жасым 53-тен асты. Түркістанға қоныс аудару тіптен қолайсыз болып тұр. Бұл туралы алдын сыбыстар шығып жүретін. Бірақ жыл соңына қарай бірден осындай «тосынсый» жасағандары түсініксіз. Қазір жұмыс табу да оңай емес. Іздеп те көрдім».

Әлима Орманова, Сарыағаш ауданындағы №4 смектеп-интернатының бухгалтері: «Қазақстандағы 14-15 облыстың бірде-біреуінде есеп-қисап бөлімі орталықтандырылмаған. Жаңалықтарына қарасақ, 80 адамды жұмыстан шығарып, 55-ін жұмыспен қамтымақ. Көп әріптестерім банктерден несие алып қойған. Маусым- шілде айларында белгілі болған мәселені неге жарты жыл бойы жарияламай келген? Неге жұртқа ескертпеген?».

Ал Түркістан облыстық білім басқармасындағылар «есеп-қисап бөлімдерінің орталықтандырылуы бюджет қаржысын үнемдейді, бастысы жемқорлықты болдырмайды», деп отыр. «Тиісті хабарламаны бухгалтерлер уақытында алып қойған» деп мәлімдеді мұндағылар.

Амантай Өсербаев, Түркістан облыстық білім басқармасының есеп-қисап бөлімінің басшысы: «Заң талаптары бойынша біз қызметкерлерді 15 күн бұрын хабардар етуге тиіспіз. Бұйрық 28 қарашада шықты. Сол күні-ақ ресми таратылған да. Ешкім де жұмыссыз қалмайды».

Сөйтіп, Түркістан облыстық білім басқармасының есеп-қисап жүйесі орталықтандырылуы себепті 80-ге жуық бухгалтер жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал 55-і тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Тек Түркістанға қоныс аударуы қажет.

Жанар Есенбекова