Күнгейде «РISA-2018 » халықаралық зерттеу-сынағы басталды

677

Оңтүстіктің өнертапқыш – ғылымға құштар озат оқушылары анықталып жатыр. Дәлірегі, күнгейлік шәкірттер «РISA-2018 » халықаралық зерттеу сайысына қатысуды бастады.

Айтулы білім бәсекесінің ашылу салтанаты бүгін №65 мектеп-гимназиясында өткенімен, ғылыми сайыстың өзі өңіріміздегі 35 білім мекемесінде өрбиді. Бұл үшін әр мектептен 42 оқушыдан жолдама алған. Жарысқа қатысушыларға арнайы талап-ереже де қойылып отыр.

Ардақ Садықова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл халықаралық зерттеу 15 жастағы оқушылардың арасында өткізіледі. Ол балалар оқу, математика, жаратылыстану және жаһандық құзыреттілік бағыттарынан сынақ тапсырады. 2015 жылы өткізілген зерттеуге 34 білім мекемесінен 2018 шәкірт қатысып, жаратылыстану бағытынан – 430, оқу сауаттылығынан – 400, математикадан – 433 ұпай жинаған еді».

Оқушылардың білімін деңгейін дәйектейтін бұл жоба күнгейде әлі жалғасады, яғни мамыр айының 12-жұлдызына дейін үміткерлер сынаққа қатысып үлгеруі тиіс. Зерттеу жүйесі халықаралық талап – компьютерлік тестілеу мен сауалнама негізінде жүзеге асады. Ал жарыстың нәтижесі алдағы 2019 жылы белгілі болмақ. Айта өтетін ақпарат, «РISA-2018 » зерттеуін – Халықаралық экономикалық-ынтымақтастық және даму ұйымы қолға алған. 18 жылдан бері әлемнің 80 мемлекеті қатысып, білім саласындағы тоқырау мен жетістігінің жүгін таразылап келеді.