Жаңа жыл мерекесінде біреулер шығынға батса, енді бірі пайдаға кенеліп жатады. Қалтасы қампайып қалатындардың қатарында — Аяз ата мен Ақшақардың рөлін сомдайтындар. Олар мейрамның басты кейіпкері болғандықтан шақыру көп болады. Әрине, тегін бармасы анық. Арнаның тілшісі ең қымбат Аяз ата Қазақстанның қай өңірінде қызмет ететінін білді.
«Жаңа жылдың басты кейіпкері — Аяз ата мен Ақшақар. Оларсыз бірде-бір мерекелік кешті елестету мүмкін емес. Ал Жаңа жылда балаларды қуанту ол — басты шарт. Ал балаңызды қуанту үшін Аяз ата мен Ақшақарды шақыруға қанша қаражат кетіп, қалтаңыздың қаншаға жұқаратынын есептеп көрейік.
Ғаламторда жарнамалар қаптап тұр. Бағалары да әртүрлі. Белгілі бір сайт арқылы тапқан Аяз атамыз өзін Нурик деп таныстырды. Айтуынша, Жаңа жыл алдында Ақшақарымен бірге шақыртуларға шығып жүргеніне 3 жыл толып отыр. «Қатып қалған баға жоқ, келісуге болады. Бізде қаржылай мәселені ашатын болсақ, қалтаңызға барлығы да қолайлы болып келеді. Қалтаңыздан асып-тасқан ақшаны сұрамаймыз. Барлығы да сөйлескенімізге байланысты. Адамның күні адаммен демекші, бәрі де қолымыздан келеді» дейді ол.
Аяз атаның өзінің бір шақыртуының бағасын айтқысы келмесе де, біз өздерінің сайтқа берген жарнамалары арқылы біліп алдық. Егер балаларыңыз Аяз атаға тақпағын айтып сыйлығын алсын десеңіз, сағатына 18 000 теңге төлеуге дайын болыңыз. Ал корпоративтік кеш үшін баға 25 000 теңгеден басталады, бағдарламаның ұзақтығы мен күрделілігіне қарай төлейтін ақшаңыз да арта бермек.
Аяз атаны шақыру үшін ең аз шығынданатын Теміртау мен Орал қалаларының тұрғындары. Қалтаңызда 2000-3000 теңге болса жеткілікті. Ал ең қымбат баға Астана, Алматы, Шымкент қалаларында. Аталған өңірлерде баға 5000-50 000 теңге арлығында. Бұл тек 20-30 минут үшін төленетін ақы. Шоу бағдарламаның уақыты артқан сайын қалтаңыздан шығатын шығын да еселене бермек.
Мұрын қанайтын жұмыс емес, десе де, баға мереке жақындаған сайын аспандай береді. Оның үстіне сұраныс бар. Жаңа жыл түні сағат тілі тура 24:00-ді соққанда балаңызды қуантқыңыз келсе 50 000 теңгегіңізді дайындай беріңіз. Бұл бағаны қалтаңыз көтермесе, 2000 төлеп, Аяз атадан балаңызға арнайы видеоқұттықтау немесе хат жазғыза аласыз. Көп шығынданғыңыз келмесе, бірнеше сағатқа Аяз атаның рөлін өзіңіз сомдасаңыз да болады.
Меруерт Ахан