Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына орай Төлеби ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ — нің ұйымдастыруымен «Мәңгілік ел» жастар патриоттық форумы өткізілді. Форумғамектеп оқушылары, студенттер және белсенді басқа да санаттағы жастар қатысты.
Аудандағы 118 мың халықтың 31 мыңнан астамы 14-29 жас аралығындағы жастарды құрайды. Оның 23 910-і ауыл жастары болса, 7 105-сі қала жастарының үлесінде. Бұл жалпы аудан халқының 26 пайыздан астамын құрайды.
Аудан әкімі Б.Омарбеков форум қатысушыларын 2019 жылдың ресми түрде «Жастар жылы» деп жариялануымен құттықтады.
«Елбасымыз осы жылғы Жолдауында жастарды қолдауға арналған шараларды қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды тапсыра отырып, 2019 жылды «Жастар жылы» деп айқындауында да ерекше мән бар. Өйткені, Ұлт Көшбасшысы Мәңгілік елдің жастарын, Сіздерді ел мұраты үшін қызмет ететін Тұлға ретінде көргісі келеді. Бұл артылған сенім баршамызға зор міндет жүктейді»,- деді аудан басшысы.
Форум барысында үздік белсенді жастарға аудан әкімінің алғыс хаттары мен сый-сияпаттар табысталды.
Іс-шараның басты мақсаты мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, талантты да, талапты жастарға қолдау көрсету, олардың дарындарын шыңдауға жол ашу. Жастардың қоғамдық белсенділіктерін арттыру, түрлі бағыттағы қоғамдық және саяси іс-шараларға тарту болып табылады.
Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі