Моцарт, Исатай мен Махамбет жер сұрайды

481

Қазақстанда заң бойынша тиесілі он жүздік жер алуға деген мұқтаждықтың артқаны сондай, тіпті жер кезегіне әйгілі композитор Моцарт пен Голливуд актері Курт Рассел де тіркеліпті, деп хабарлайды informburo.31.kz.

Исатай мен Махамбет те цифрлы Қазақстанның порталына кезекке тұрыпты. Мұндай өрескел жағдайды жер мәселесімен айналысып жүрген заңгер анықтапты. Тірі адамның өзі тұра алмай жатқан кезекке о дүниеге аттанғандар қалай тіркелген? Әріптесім біліп көрді.

70 миллион доллар байлығы бар голливуд актері Курт Рассел Аққөл ауданы, Азат ауылындағы 10 жүздік жер сұраған халықтың кезегінде жүр. Одан бөлек 1791 жылы қайтыс болған ұлы композитор Моцарт пен 20 ғасырдағы орыстың атақты революционері, лейтенант Шмидттің есімдері осы тізімге ілінген екен. Бұл туралы ақпаратты жер мәселесі жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек zem.kz порталынан байқап, жеке парақшасына жариялады. Заңгердің айтуынша, Жер туралы кодекстің 44-бабы бойынша тегін берілетін 10 жүздік жерді әкімдіктегілер анық жариялап тұруы тиіс. Алайда, шенеуніктер ондай жүйеге көшпеген. Сондықтан осындай жағдай болып отыр дейді.

Бақытжан Базарбек, заңгер: «Халықтың құқықтық сауатылығының төмендігін пайдаланады, оны ешкім тексермейтінін пайдаланады, тізімді аралап, прокуратура, жемқорлыққа қарсы агенттіктен тексеріс болмайтынын пайдаланады, содан кейін не істейді, сол тізімге өлген адамдарды, көшіп кеткен адамдарды, болмайтын адамдарды кіргізіп отырады».

Ал әкімдіктелгілердің айтуынша, бұл есімдер 2018 жылдың алғашқы айларында енгізілген екен. Ол кезде zem.kz порталы толық іске қосылмапты. Сондықтан, ол сынақ ретінде жүргізілген еді деп ақталады.

Юрий Курушин, Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары: «Бізде Азат ауылы бойынша кезекте ешкім тұрған жоқ. Бұл іске қосылған бағдарлама тек қазан айынан бастап жұмыс істей бастады. Оған дейін тесттік режимде әлі қосылмаған еді. Сол кездері сынақ ретінде қолданылған есімдерді алып тастауды ұмыт қалдырған болу керек».

Мұндай олқылық сондай-ақ, Орал қаласында да байқалған екен. Бұл аймақ бойынша жер кезегінде Исатай мен Махамбет батырлардың есімдері жүр. Ақпарат жарияланғаннан кейін әкімдіктегілер бұл есімдерді ресми порталдан алып тастапты. Ал, цифрлы Қазақстанның алғашқы қадамдары осылай басталып жатыр.