«120 мыңнан астам тұрғын жер кезегінде тұр, бірақ жер телімі берілмейді»

209

Шымкентте жерге 120 мың, ал тұрғын үйге 48 мыңнан астам адам кезекте тұр. Бұл цифрды азайту үшін, игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекет қажетіне алып, орнына көпқабатты тұрғын үй салу керек. Бұл туралы қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мәлімдеді.

Енді қала тұрғындары жер телімдерінің жағдайын, қай аумақта орналасқанын, қызыл сызыққа енгені туралы немесе ол аймақта болашақта көпқабатты үй салыну мүмкіндігі туралы және басқа да мәліметтерді арнайы геопорталдан біле алады. Мамандардың айтуынша «Көпқабатты тұрғын үйлер қала үшін барлық жағынан тиімді.» Сол себепті игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтару керек. Қазіргі таңда 3500 жер учаскесі, ал өткен жылы 100 га жер мемлекет қажетіне қайтарылыпты.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: «Нормаға сәйкес қаланың аумағында 60 пайыздан кем болмауы керек тұрғын үйлер. Ал қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлер 30 пайыз болса, қалған 70 пайызды азқабатты үйлер құрап отыр».

Ал Нұртас шағынауданындағы жер телімдерінің тек игерілмей жатқан аумақтары ғана тізімге енді дейді басқарма басшысы. Олардың орнына қазір көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Нұрлан Архабаев игерілмеген аумақтарда тек көпқабатты үй ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік нысандар да бой көтеретінін айтты.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: «Ол жерлерде де жер телімдері жекеге тарап кеткен ғой, соларды өзіміздің кәсіпкерлер сатып алып, солардың басын біріктіріп көпқабатты тұрғын үйлер салып жатыр. Игерілмеген аумақтарға көпқабатты үй ғана емес, әлеуметтік нысандар да пайда болады. Мектеп, емхана, балабақша. Сондай ұсыныспен қазір біз жоба жасадық. Ол бірінші халықтың талқылауына түседі. Онда да игерілген жерлер».

Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы көпқабатты тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны – 48 623 адамды құраған. Ал жердің кезегінде 120 мың адам тұрған көрінеді. Алайда, басқарма басшысы қазіргі таңда ешкімге жер телімі беріліп жатқан жоқ дейді.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: «Қуатты аймақ жоқ. Жер кезегі қаланың деңгейінде 120-дан асты».

Айта кетейік, тұрғындар өз жер телімдері туралы барлық ақпаратты арнайы геопортал арқылы біле алады. Онда 16 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылған.

 Гүлдана Дәурен