«Отырар – TV» телеарнасындағы «Ерекше жандар» бағдарламасы топ жарды

233

«Отырар – TV» телеарнасындағы «Ерекше жандар» бағдарламасы топ жарды. Ерекше жүргізушілердің есімі еліміздің «КинЭС» рекордттар кітабына енді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарлама осы бағытта республикамызда алғаш рет іске асқан тың жоба. Осыдан екі жыл бұрын жүзеге асқан бағдарламаның осы уақыт аралығында ауыз толтырып айтар жетістіктері жетерлік.

Ербек Бакиев пен Мадина Ермаханова ерекше бағдарламаның жүргізушілері. Жоба осыдан екі жыл бұрын көрерменге тікелей эфир арқылы жол тартқан. Сондықтан да олардың бойында қобалжумен қатар қорқыныш басым болған. Алайда бұл жауапкершілік оларға мүмкіндігі шектеулі екенін ұмыттырды. Және өздері тағдырлас талай жандардың өмірге деген құштарлығын оятты.

Бағдарлама алғашында «Шаттықтың шатқалында» атауымен басталған. 15 минуттық жобада мүмкіндігі шектеулі болса да көпке үлгі боларлық есімдерді танытты. Олардың шығармашылығымен қатар жеткен жетістіктері мен еңбектерін насихаттады. Жоба қолдауымен талантын паш еткендер көп болды.

Бағдарлама студиясында тек жаңа таланттар ғана емес, есімі елге белгілі жеңімпаздар да қонақта болды. Сонымен қатар мәселесі шешілмей жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тағдыры тікелей эфирде талқыға салынды. Тек талқыланып қана қоймай шешімін де тапты.

Осылайша ерекше жандардың көкейіндегі сан сауалдың жауабы алынды. Бұл үшін олардың теларна басшылығына айтар алғыстары шексіз.

«Ерекше жандар» бағдарламасы «Отырар» телеарнасында әр дүйсенбі, таңғы уақытта, тікелей эфирде өрбиді. Бүгінге дейін 90-нан астам хабар жарық көріп, көпшілікке 100-ге жуық кейіпкерді таныстырды.

Жанерке Хумар