Шымкент қаласында «Туған жер» жобасы аясында 84 жоба жүзеге асырылды

467
shymkent.gov.kz

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген «Туған жер» жобасына шымкенттік кәсіпкерлер үлкен қызығушылық танытып отыр. Бағдарлама аясында биыл қалада 84 жоба ел игілігіне берілді, оның ішінде 32 жоба «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Бұл мақсатта демеушілер мен меценаттар 1,6 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда «Отау групп» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 280 млн теңгені құрайтын, 110 орындық инклюзивті білім беру орталығын, ал «Атамекен» корпорациясы құны 547 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаны салды.

Бұған қоса «Тәрбие және білім» бағдарламасы аясында 138 іс-шара өтті. Осы бағдарлама аясында қаладағы 94 мектепте робот-техникасы кабинеті ашылды, ал 164 оқытушы тиісті курста білімін жетілдірді. Сонымен қоса «Рухани қазына» бағдарламасы бойынша Шымкенттегі қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге, жалпы саны 18 нысанға QR кодтар орнатылды.

«Отырар» кітапханасынан коворкинг орталығы ашылды. «Әдеби өлкетану» жобасы аясында түрлі конкурстар, кездесулер, айтыстар, ашық сабақтар, конференциялар мен семинарлар секілді көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды, кітаптар басып шығарылды.
Шымкентте латын қарпіндегі қазақ әліпбиін насихаттау жұмыстары да кең көлемде жүруде. Нақты айтқанда газеттерде латын қарпінде жазылған мақалалар басылып, қала бойынша осы реформаға арналған 75 баннер ілінген. «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемдік деңгейдегі қаламгерлердің, сарапшылардың қазақ тіліне аударылған 18 оқулығын таныстыру рәсіміне қаладағы жоғары оқу орнының басшылары, оқытушылар, профессорлық құрам мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкентте 581 іс-шара өткізіліп, оларға 93 мыңнан астам қала тұрғыны қамтылды.

shymkent.gov.kz