Рухани жаңғыру: жарты жылдық есеп

841

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде вице-министр Д.Есиннің төрағалығымен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нұртай, қалалық ішкі саясат және дін істері басқарамасының басшысы және қалалық «Руханижаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісінің қатысуымен есептік жиын өткізілді. Жиын барысында Шымкент қаласындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының ағымдағы жылғы 1-ші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың нәтижелерінің барысы тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.

Бағдарламаны іске асырудың  2019 жылға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы және  Президент Әкімшілігімен келісіліп, қала әкімімен бекітілген-ді.  Жоспар 6 бағыт, 12 арнайы жоба негізінде 77 тармақтан құралды.
Бағдарлама аясында 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 310 іс-шара өткізіліп, онда 170 мыңнан астам адам қамтылды.

«Туған жер»

«Туған жер» жобасының  шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен Шымкент қаласында 2 миллиард 848 миллион теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 2 мектеп, 2 балабақша, ерекше білім беруді қажет ететін балалар орталығы, кардиологиялық орталықтың заманауи автотұрағы.
Барлық нысандар демеу-шілер есебінен салынды.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде Шымкент қаласында жаңадан 300-ден астам жұмыс орындары ашылды.

«Ажарлы үй-ырысты»

«Ажарлы үй-ырысты» кіші жобасы аясында мамыр айында бюджет есебінен салынған 10 көпқабатты үйдің пәтерлері көпбалалы, тұрмысы төмен 540 отбасына берілді. Қаладағы 4 ауданда 32 аулада балалар алаңшалары, 5 спорт алаңшалары, 25 көше жолдары қайта жөнделіп, тұрғындардың пайдаланылуына берілді.

КИЕЛІ ЖЕРЛЕР

«Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы  бойынша Шымкент қаласында жыл басынан 58 іс-шаралар: арнайы экскурсиялар, танымдық сабақтар, жылжымалы жиындар, ғылыми конференциялар мен зерттеулер ұйымдастырылды. Жалпы, жоба бойынша қаладағы 7 тарихи-мәдени ескерткіштер республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне, ал 8 нысан – жергілікті маңызға ие орындар қатарына енді. Шымкент қаласының киелі орындары – «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Әбдул Әзиз баб», «Мірәлі баба», «Қожасалық» кесенелерінің аумағын қоршау, көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымы реттелді. «Қошқар ата» жобасы бойынша өзен жағалауы абаттандырылып, қаланың тарихи даму кезеңін қазіргі уақытпен ұштастыратын заманауи қалашық және туристік аймақ ретінде дамыту шаралары жүзеге асырылуда. Қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштердің барлығына QR кодтар орнатылды.
Киелі орындардың тарихи деректері мен сипаттамасы бейнеленген 27 баннер қала көшелерінде ілінді. Жергілікті телеарналарда 18 бейнеролик көрсетілуде. Сонымен қатар, Бағдарлама аясында өзге өңірлермен ақпарат алмасу мақсатында Шымкент қаласының көшелерінде Оңтүстік аймағының өзге облыстары – Қызылорда, Жамбыл, Түркістан өңірлерінің киелі жерлері туралы ақпараттық баннерлер ілініп, бейнероликтер көрсетілуде.
Жобаның тағы бір маңызды іс-шарасы – Шымкент қаласының даму тарихын бейнелейтін «Цитадель» (Ескі қаланы жаңғырту) бойынша ескі қалашық аумағына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақта көне археологиялық паркі кешенін мұражай етуге арналған жұмыстарға 2018 жылы 245,1 млн теңге қаралған. «Ескі қаланың» қайта жаңартуды қаржыландыру мәселелері бойынша археологиялық жұмыстар құны, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, Шымкент қалашығын ғылыми-реставрациялау және мұражайландыру жөніндегі ғылыми-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 2019 жылға  502 млн 196 мың теңге қаржы қарастырылды. Қазба жұмыстары толық жүргізілгеннен кейін, мұнда ашық аспан астындағы музей ашылады. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап, қаланың көрікті жерлері мен киелі орындарға саяхат ұйымдастыру мақсатында туристік автобустардың маршруты ұйымдастырылды. Соңғы бір жылда қала аумағындағы киелі, тарихи орындарды 6315 турист тамашалап, музей, галереяларға 69 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 21 пайызға артық көрсеткіш. (2017 жылы – 31520, 2018 жылы – 48 672 адам барған).

100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған алғашқы 18 оқулықты таныстыру презентация-сы қаладағы жоғары оқу орындарының барлығында ғалымдар, профессорлық-оқытушылық құрам мен зиялы қауым өкілдерінің, студент жастардың қатысуымен өтті. Кездесулер мен конференция, дөңгелек үстелдерде барлық салаларды қамтитын құнды оқулықтар талқыланып, пікірлер айтылды. Қаладағы «Отырар» орталық ғылыми кітапханасының 36 филиа-лы және 5 ЖОО-ның кітапханалары 18 атаулы оқулық түрлерімен қамтылған. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-і екінші кезеңде жарыққа шыққан 30 жаңа оқулықтың 11500 данасын алды. Жаңа оқу жылынан бұл оқулықтар курстарға енгізіледі. Сондай-ақ, Жоғары оқу орнында осы оқулықтардың арнайы көрмесі ашылды.

100 ЖАҢА ЕСІМ

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»  жобасының  жеңімпаздары қатарына Шымкент қаласынан 3 азамат енді. (кәсіпкер Қайрат Молдасеитов, спортшылар – Құралбай Орынбасар және Әсел Далиева). Бұл азаматтармен қала тұрғындары мен жастарының кездесулері тұрақты түрде өткізілуде. Жыл басынан бері 41 кездесулер өткен. Жоба жеңімпазы болуға ынталы азаматтар қатары жылдан жылға артуда. 2018 жылы 19 азамат өтініш білдірсе, биыл екі есеге артып отыр.
Азаматтардың еңбек жолындағы жетістіктерін насихаттау мақсатында Шымкент қаласының көшелерінде республиканың барлық өңірлерінен шыққан жеңімпаздар бейнеленген 37 баннер орналастырылды.

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ

«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасын жүзеге асыру үшін арнайы желілік кесте әзірленіп бекітілді. Кестеге сәйкес, 57 іс-шара ұйымдастырылып, БАҚ арқылы насихатталуда.
Қала көшелеріне бағдарламалық мақаланы насихаттау бойынша латын қарпіне транскрипцияланған материалдар бар 52 баннер ілініп, 6 LED экраннан бейнероликтер тәулігіне 2100 рет көрсетілуде. Шет елдерден келген жазушылар, қаланың зиялы қауым өкілдері, түркітанушы ғалымдардың қатысуымен «Латын қарпіне көшудің тиімділігі» семинарлары, «Латынша оқып үйренудің ұтымды жолдары», «Латын қарпіне көшу – болашақтың бағдары» атты ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді.
Барлық кітапханаларда, оқу орындарында латын әліпбиінен  «Ұлттық мұра» тақырыбында диктант жазу акциясы ұйымдастырылды, оған  28мыңнан астам адам қамтылды. «Латын графикасына көшудің тиімді жолдарын үйрету курстарынан» қаламыздағы мектептерден 6395 мұғалім, сондай-ақ 4555 тұрғын, барлығы 10950 адам өтті. Курстар екінші жартыжылдықта да жалғасын табуда.  Арнайы орталықтар оқыту курстарын ай сайын ұйымдастыруда.

ӨЛКЕТАНУ

Өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында қала мектептерінің 5, 6, 7 сыныптарына арналған  «Өлкетану» оқулығын алуға бюджеттен 93 миллионнан астам (93, 591 мың) теңге қаражат бөлініп, 60 мыңнан астам (60 448) оқулық қала мектептеріне таратылды.
«Өлкетану Хрестоматиясы 1, 2 бөлім» оқулығын алуға жергілікті бюджеттен 31 миллионнан астам теңге (31,073 мың) бөлініп, 13 мыңға жуық (12932) кітап алынды. Қала мектептеріне таратылды. Жаңа оқу жылынан бастап, оқу бағдарламасы бойынша пайдаланылатын болады.
«Өз өлкемді танимын!» тақырыбындағы танымдық сабақтарда 412 экскурсиялар мен саяхаттар ұйымдастырылды. Оған мектеп оқушыларынан, студенттерден, өлкетанушылардан құралған 17 650 адам қатысты.

ҚАЗАҚ ЭПОСЫ

Шымкент қаласы әкімдігі «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының комитетімен келісім түзіп, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастыруда. Бұл мақсатта 5 миллионнан астам қаржы аударылды. Шымкент қаласы бойынша жыр байқауына 1116 оқушы мен 660 мұғалім қатысуға өтініш берген. Барлық өтінімдер тексеріліп, сұрыпталып байқаудың ресми сайтындағы (www.qazaqepos.kz) дерекқорға енгізілді. Қазіргі таңда әр қатысушымен жеке дайындық жұмыстары жүргізілуде. Апта сайын қатысушылардың жырды жатқа білу деңгейі тексерілуде.
Шымкент қаласы бойынша байқаудың аудандық кезеңі қыркүйек айына, қалалық кезең қазан айына жоспарланған.

ӘЛЕУМЕТТІК РОЛИКТЕР ФЕСТИВАЛІ

«Asyq Jurek» тақырыбындағы Халықаралық әлеуметтік бейнероликтер фестивалін өткізу қазан айы-на жоспарлануда. Қазіргі таңда алыс және жақын шетелдерден – Ресей, Белорусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінен және Қазақстанның 3 өңірінен өтініштер түсті. 200-ге жуық әлеуметтік бейнероликтер дайындалды. Фестиваль қорытындысы бойынша, үздік бейнероликтер республикалық телеарналардан көрсетіледі.
Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» Бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында «Шымкент ақпарат орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанынан «Рухани жаңғыру» бөлімі 2019 жылдың 1 сәуірінде құрылды.
«Рухани жаңғыру» бөлімінде 9 маман жұмыс істейді. Қазіргі таңда бөлімнің штаттық кестесі толығымен қалыптастырылған.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Бағдарлама жарияланған екі жылдан астам уақыт ішінде арнайы бағыттар мен жобалар бойынша жүздеген іс-шаралар өткізіліп, ауқымды жобалар қолға алынды. Бүгінде 2019 жылдың екінші жартыжылдығында өткізілетін іс-шаралардың  кестесі әзірленген, жұмыстар ары қарай жалғасуда.

«Оңтүстік Рабат» , №36, 4 қыркүйек 2019 ж