«Түстердің сәулесі» таңырқатты

529

«Түстердің сәулесі». Осындай тақырыппен Облыстық бейнелеу өнері мұражайында суретші-ұстаз Қарлығаш Қансейіттің жеке көрмесі ашылды. Экспозициялық көрмеге 70-ке жуық кескіндемелік туынды қойылған.

Шығармаларымен өзгелерден дараланатын суретшінің жұмыстарына қызығушылық танытқандар көп болды. Авангард бағытында қолтаңбасы қалыптасқан кескіндемешінің тақырыптары да сан алуан. Келушісі өнер иесінің талғамы биік, әрі ізденуден жалықпайтынын бірден байқапты.

Бейнелеу өнерінде алғашқы білімін Әбілхан Қастеев атындағы көркем сурет училищесінде алған. Бүгінде аталған білім ордасында ұстаздық қызмет атқарып жүргеніне 30 жылға жуықтады. Әріптестері ол әрбір студентпен шығармашылық қабілетін арттыруда ерінбей еңбек ететінін айтады. Әрбір жұмысындағы композициясы мен колоритінің ерекшелігін көрермен жоғары бағалады.

Пейзаж, тұрмыстық жанрлардағы әрбір шығармалары ізденіске толы. 3-4 локалды түстерде орындалған композициядағы шығарманың 70-ке жуығы көрермен назарына ұсынылып отыр. Көрме қаңтар айының соңына дейін жалғасады.

Асқар Сәтпаев