2018 жылы құрылыс монтаж жұмыстары аяқталған 5 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр және 5 мектептің құрылысы басталғалы тұр.
Жаңадан құрылған Мақтаарал ауданын құрылыстың ордасына айналдыру үшін көптеген жобалар жасалған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге есеп берген Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
Биыл Мақтаарал ауданына қарасты Достық және Жамбыл ауылдық округінің әкімшілік ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы әрқайсысы 30 млн теңгеге салынған қос нысанның қаржысы жаңа әдістің арқасында 2 есе үнемделген.
Бұған дейін жалпы құрылыс нысандарының құжаттарын дайындау мерзіміне 6 айдан аса уақыт керек болса, жаңа әдіс арқылы құжаттар 1 айда дайын болды. Сонымен қатар, құрылыстың жүргізілуіне бұған дейін 16 ай қажет болса, жаңа әдіс арқылы 6 айда құрылыс нысаны аяқталды.
Мақтаарал ауданын құрылыс нысандарының ордасына айналдыру үшін 40 шақты жобалық сметалық құжаттамалар әзірленген. Атап айтқанда, аудан орталығы Мырзакент кентіндегі орталық стадионды қайта құру, Мақтарал ауылдық округі Азаттық елді мекенінде ипподром салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 10 мектептің ЖСҚ-сы дайындалып, салалық басқармаларға ұсынылған.
Ауданда барлығы 69 елді мекеннің 67-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. 213,9 млн теңгеге Иіржар ауылдық округінің Диқан елді мекенін және 159,0 млн теңгеге Бірлік ауылдық округінің Қоңырат елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта құру үшін қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандар 2019 жылға өтпелі. Жалпы саны 841 абонентті құрайды.
Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта құру үшін құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жалпы саны 475 абонентті құрайды.
Мақтаарал ауданында 28 елді мекен табиғи газбен қамтылса, 39-ы қамтылмаған. 2018 жылы 9 елді мекенді табиғи газбен қамту үшін 1,2 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталған. Тағы 9 елді мекеннің ЖСҚ-сы әзірленіп, қорытындысы алынған.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның 2016-2022 жылдар аралығында инвестициалық жобасы аясында 300 шақырым электр желілері және 90 дана КТП орнату жоспарланған, оның ішінде 2018 жылы 65,3 шақырым электр желілері мен 11 дана КТП орнату жұмыстары жүргізілді.
Биыл Мақтааралда жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды, құны 181,0 млн тенгені құрайтын аудандық маңызы бар 5 автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 18,65 шақырымды, құны 229,0 млн тенгені құрайтын ішкі көшелерге орта жөндеу жұмыстары жасалды.
2019 жылы ауданда Қарақыр-Өркен елді мекенінің кіре берісі, Нұрлыжол елді мекенінің кіре берісі, Азамат елді мекенінің кіре берісі жолдарын күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Одан бөлек, аудандық 30 ішкі көшелерге орта жөндеу, аудандық 66 ішкі көшелерге тас төсеу жұмыстарын жасау жоспарлануда. Жалпы 61 ішкі көшелердің сметалық құжаттамалары әзірленген.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі