Жаңа жыл қарсаңында шымкенттіктер баспаналы болды

392

Жаңа жыл қарсаңында шымкенттіктер баспаналы болды. Жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған 15 отбасы жаңа қонысын тойлады. «Жас отау» тұрғын үй кешеніне жайғасқан қуаныш иелерін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.

Шаһар аумағында «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғаш рет пәтер кілттеріне ие болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жаңа қоныс иелерін құттықтай келген шаһар басшысы пәтер иелеріне кілттерді салтанатты жағдайда табыстады.

Жаңа жыл қарсаңында жаңа қонысқа қол жеткізгендердің бірі — Шыңғысовтар отбасы. Сегіз жылдан бері пәтер кезегінде тұрған кейіпкерлеріміздің енді су жаңа баспанасы бар.

Серік Шыңғысов, пәтер иесі: «Бағдарлама аясында пәтер алуға желтоқсан айында әрекет еттік. Тез арада шешілді. Көп рахмет! Бізді құттықтай келген әкімдерге рахмет».

Айта кетейік, 7-қабатты 4 тұрғын үй «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары мен «7-20-25» бағдарламасы бойынша 224 отбасыға беріледі. Қазір шаһарда мыңға жуық пәтердің құрылысы жүргізілуде. Мемлекеттік бюджеттен салынып жатқан 68 үйдің 13 -і жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.

Мақпал Рысбаева