Қаңтар айында өткізілген ҰБТ нәтижесі бойынша ешқандай аппеляциялық шағым түспеген. Шартты түрде жоғары оқу орнына қабылданғандардың 45 пайызы сынақтан сүрінбей өтіп, оқуын әрі қарай жалғастыратын болды. Қалған 55-і шектік балл жинай алмағандықтарына байланысты оқудан шығарылады.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық Білім саласын бақылау департаментінің басшысы: «М. Әуезов атындағы ОҚМУ ғимаратында ағымдағы жылдың 18-20 қаңтар аралығында 3 күн ҰБТ-ның бірінші кезеңі яғни, қаңтар айындағы кезеңі өтті. Жалпы осы тестілеуге өтініш білдіргендердің саны 2128 болса, қатысқаны 1991. Яғни, 137 түлек белгісіз себептермен қатыса алмады. Үш күн бойы өткізілген бұл тест бойынша аппеляциялық шағым болған жоқ. Орта балл 53,8-ді құрап отыр».

Шымкент қаласында тест тапсырғандардың ең жоғарғы көрсеткішті Александра Алиева көрсетіп, 134 балл жинаған. Бұл сынақта ең төменгі көрсеткіш 8 балды құрап отыр.
Айта кетейік, тест өткізілген 3 күн ішінде талапкерлерден 1595 телефон тәркіленген.

Меруерт Ахан