Ақыры өліммен аяқталатын аурулардың алғашқы легінде қатерлі ісік дерті тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасынан мәлім тұжырым осы. Десе де, дәрігерлер қатерлі ісіктен айығуға болатынын айтады. Бұл үшін дәрігерге уақытылы қаралып, барлық тексерулерден өтіп тұру қажет. Дейтұрғанмен елімізде онкологиялық ауруларды ауыздықтауға салыстырмалы түрде тәуір жағдай жасалғанымен ауруын асқындырып алып, емделуге келетіндердің қатары әлі күнге азаймады.
НАУҚАСТАРДЫҢ 55%-ы ӘЙЕЛДЕР
Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша қатерлі ісік диагнозымен 13 400 адам есепте тұр. Шымкент қалалық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Дәулетбек Жұмағалидің айтуынша, бүгінде аурудың алдын алу туралы көп айтыла бастағандықтан мұны ескеріп, дәрігерге өз еркімен қаралатындар саны ұлғайып келеді. Бұған әр айда өткізілетін «Ашық есік күніне» келетіндердің қарасы дәлел.
Мәселен, 2017-2018 жылдары ұйымдастырылған осындай онкүндікте шамамен 1000-нан астам адам дәрігердің тексерісінен өткен. Тексерістен өткендердің кейбірінен кеселдің алғашқы сатысы анықталған. Енді бірінің дерті асқынып кетіпті. Арасында денсаулығында ешқандай кінәраты жоқтары да бар.
Бұл анықталғандары ғана. Дәрігерге қаралмағандары, скринингтен өтпегендері қаншама? Олардың әрқайсысының өз уәждері де жоқ емес. Бірінің – жұмыстан қолы босамайды, екіншісі — бала-шағасынан, отбасынан шыға алмайды. «Денсаулығым жақсы, шағымым жоқ» деп өзін-өзі «алдайтындар» да жетерлік. Осылайша мың сылтау айтып, денсаулыққа деген немқұрайлықтың соңы көп ретте қайғылы аяқталатыны тағы бар.
Ал дәрігерлер қатерлі ісік меңдеп келе жатқанын айтады. Онкологтар, әсіресе, бұл дерттің жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Олар науқастардың басым көпшілігінің бала тууға қабілетті жастағы әйелдер екенін айтады.
— Бұл дерт көбіне әйелдерге үйір келеді. Мәселен, тексерістен өтетін 100 адамның 55% көбі әйелдер. 1 күнде 9 жанды есепке алсақ, соның 5-і әйел. Ең өкініштісі – дертті жамап алған нәзікжандылардың басым көпшілігі репродуктивті жастағылар. Яғни, 25-49 жастағы қыз-келіншектер, — дейді қалалық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Дәулетбек Жұмағали.
ҚАУІПТІ 3 ДЕРТ
Еліміз бойынша онкологиялық аурулардың көшін — сүт безі ісігі бастаса, екінші орында — асқазан обыры, одан соң — өкпе қатерлі ісігі, төртінші орында — тері обыры, бесінші орында жатыр мойын ісігі тұр.
Ал күнгейліктердің көпшілігінен:
— сүт безі;
— тік ішек;
— жатыр мойын ісігі анықталады екен.
Сүт безі ісігі
Бұл әйелдерде жиі кездесетін әрі өмірге қауіпті сырқат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде орташа есеппен сүт безі рагы диагнозымен 500 мың әйел тіркеуге алынса, 250 мыңы көз жұмады. Көз жұматындардың көпшілігі дертін асқындырып алған әйелдер.
Майра Сүлейменова – аталған дертке шалдыққандардың бірі. Оның айтуынша, дәрігерлер оған бұдан 3 ай бұрын «сүт безі ісігінің І-сатысы» деген диагноз қойыпты.
45 жастағы, 2 баланың анасы үшін бұл күтпеген диагноз болды. Дегенмен ол дертін асқындырмай, дәрігерге дер кезінде көрінгеніне шүкіршілік етеді. Себебі, ота кезінде көкіректі сақтап, ісіктің өзін ғана алып тастаған. Енді ол дәрігерлердің бақылауына алынып, уақытылы ем-домын қабылдап, күтінуде.
Шымкент қалалық онкологиялық диспансері, маммология бөлімшесінде ем-дом қабылдап жатқан Майра сияқты емделушілер өте көп. Олардың жас ерекшеліктері де әр түрлі. Арасында жастар да баршылық.
Бөлім меңгерушісі Қазбекхан Сыздықовтың сөзінше, омырауда қатерлі ісіктің пайда болуына бірнеше фактор сеп болады. Олар бұл себептерді 4 топқа бөліп қарастырады екен.
1.Өмiр сүру салтына, кәсiптiк дағдыларға байланысты (майлы, қуырылған және қақталған тағамдарды кеңiнен пайдалану, үнемi немесе тiптi аз мөлшерде сыра iшу, алкогольдi iшiмдiктi асыра пайдалану, сонымен қатар радиацияның, зиянды газдардың, улы химикаттардың, синтетикалық бояулардың ұзақ мезгiл әсері);
2.Әйелдердiң сексуалдық, репродуктивтiк және лактациялық функцияларына байланысты (25-50 жас аралығында әйелдердiң 10 жыл немесе одан да ұзақ уақыт бойы жыныстық қатынаста болмауы, 30 жастан асқанда соңғы босану немесе түсiк жасату, бiрiншi босанудың 28 жастан кейiн болуы, климакстың кешiгуi (53 жастан асқанда), лактация кезiнде сүттiң аз бөлiнуi, бiрiншi баланың 4 келiден артық салмақпен туылуы, етеккiрдiң ерте (12 жасқа дейiн) немесе кеш (16 жастан кейiн) басталуы, жыныс қатынасына шамадан тыс құштарлық, баланы 5-6 айға жетпей емшектен шығару);
3.Ағзада қатар жүретiн бірнеше аурулар (сүт безiнiң ауруы, гинекологиялық аурулар, бауыр ауруы, оның iшiнде бұрыңғы болған сары ауру, артық салмақ, қант диабетi, жатырдан қан кету, артериялық гипертензия, қалқанша без жұмысының бұзылуы, сүт безiнiң, жатырдың жарақаттануы);
4.Тұқым қуалаушылық (қатерлі ісік ауруына бейiмдiлiк).
ТІК ІШЕК ІСІГІ
Онкологиялық аурулардың көшін бастап тұрған кеселдің келесі бір түрі — тік ішек ісігі. Дерттің бұл түрі жыныс таңдамайды. Ол әйелдерде де, еркектерде де жиі кездеседі. Әсіресе, егде жастағылардың арасында көп.
Обырдың бұл түрі өте тез дамиды. 1,5-2 жылда бүкіл ішек толығымен дертке шалдығып, сосын көрші ағзаларды зақымдайды. Обыр тіндері қанмен және лимфамен бірге ағзаға тарап, жаңа ісік ошағы пайда болады.
Егер сіз:
— Артқы өтіс жолынан шырышты бөліндіні, қан немесе іріңді;
— Үлкен дәреттің бұзылғанын (іш қату мен іш өтудің кезектесуі);
— Тік ішектегі жағымсыз әсер мен ауырсынуды;
— Үлкен дәрет кезінде ауырсынуды байқасаңыз міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
Дегенмен, бұл белгілер сіздің аталмыш дертке шалдыққаныңызды 100 пайыз растамайды. Ұқсас белгілер көтеу, парапроктит немесе ішектің тітіркенуі секілді аурулардың себебінен де болуы ықтимал. Дейтұрғанмен дәрігерге қаралып алған артық болмас.
Жатыр мойын ісігі
Бұл дерт туралы және онымен ауырғандардың оқиғасын газетіміздің 23.05.2018 жылғы №21 санында жазғанбыз. Дегенмен қайтып еске салып қойған артықшылық етпес. Себебі, 1 күнде обыр ауруына шалдыққан 4 науқас қайтыс болса, соның екеуі – жатыр мойын ісігіне шалдыққандар.
Дәулетбек Жұманұлы бұл дерттің пайда болуына:
• Жыныстық өмірді ерте бастау;
• 16 жасқа дейінгі уақытта бала көтеру мен туу;
• алғашқы жүктілікте түсік тастау, әсіресе аборт жасату;
• Жыныстық жол арқылы берілетін қабыну аурулары;
• Түсік және түсіктен кейін жатырды тазартқанда;
• Эрозия, полип және жатыр мойнының басқа да аурулары;
• Темекі тарту және гормоналды контрацептивтерді бес жылдан астам уақыт бойы пайдалану себеп екенін айтады.
ОБЫР ҮКІМ ЕМЕС!
Онкологтардың айтары осы. Олардың сөзінше, І, ІІ сатысында болған жағдайда дерттен айығуға мүмкіндік бар. Бұған қазіргі медицинаның қауқары жетеді.
– Қатерлі ісіктің қай қайсысын қарастырсақ та олардың 4 сатысы І, ІІ, ІІІ және IV бар. І, ІІ сатысында анықталған кеселден 80 пайыз айығуға болады. ІІІ, IV сатысына өтіп кетсе, ем ұзаққа созылады. Ал ем қонбаса арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Бірақ, біз науқастардың ауырсынуын жеңілдетуге тырысамыз, — дейді Дәулетбек Жұманұлы.
Осы ретте маман барша халықты мейлі ол тұрмыстағы келіншек немесе мектеп жасындағы оқушы, зейнеткер болсын әр алты ай сайын денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса да, дәрігерге қаралып, уақытылы скринингтен өтіп тұруға шақырады. Себебі — медициналық тексеру кезінде кеселдің алғашқы екі сатысын анықтау мүмкін емес. Оны тек скринигтік тексеру арқылы анықтауға болады.
СКРИНИГ ӨМІРДІ САҚТАП ҚАЛАДЫ!
— Скринингтік тексерудің пайдасы зор. Аталған тексеру арқылы ауруды бастапқы сатысында анықтауға қол жеткізіп отырмыз. «Бұл науқастардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді» деген сөз. Екіншіден экономикалық тұрғыда да тиімді болып тұр. Себебі, III-IV сатымен ауыратын 1 науқасты емдеуге — 25 млн теңге, I-II сатымен ауыратын үшін 5 млн теңге жұмсалады. Қай жағынан алып қарасақ та, скринингтік тексерудің пайдасы көп. Сондықтан да, тексеруден қорқудың қажеті жоқ. Керісінше скринингтен өту керек,-дейді онкологтар.
Айта кетейік, биыл скринингтік тексеруден өтуге орын көп бөлінген. Мәселен қазір онкологиялық диспансерде жоғарыда аталған жиі кездесетін онкологиялық аурудың 3 түріне скринингтік тексеру жүргізіліп жатыр. Биыл сүт безіне скринингтен өтуге 95 мың адамға қаржы бөлінген. Тоқ ішек бойынша — 103 мың орын бар. 120 мың адам онкологиялық диспансерінен жатыр мойнын тексерте алады.
Денсаулыққа бей-жай қарамаңыз. Уақытылы дәрігерге қаралып, тексерістен өтіп тұрыңыз, халайық!
Ал сіз скринигтік тексерістен өттіңіз бе?
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті, №46, 14 қараша 2018 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті