50-ден астам әйел тегін тексеруден өтті

49

Шымкент қалалық онкологиялық орталығында жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында өткен «Ашық есік күнінде» тексерілуге келген екі пациенттен ауыр дерт анықталған. Мамандар дәл осы қабылдауда 2 әйелден қатерлі ісік, 16-сынан обыр алды аурулар және 35 -нен басқа да ауру белгілерін анықтаған.

Дәулетбек Жұмағали, Шымкент қаласы онкологиялық орталығы директорының орынбасары: «Қатерлі ісікке шалдыққан және обыр алды анықталған науқастар орталықта толық тексеруден өтетін болса, түрлі гинекологиялық ауруларға шалдыққандар жергілікті емханаларға жолданды».

Тексеру барысында онкогинекологтар, УДЗ дәрігерлері, цитологтар 50-ден астам қыз-келіншекті тегін тексерулерден өткізіп, кеңестер берді. Қабылдауда 46 пациент арнайы тексеруден өтсе, 18 әйелге ультродыбыстық тексеру жасалды. Солардың бірі Шымкенттік Ақмарал Алпысбаева.

Ақмарал Алпысбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Онкологиялық орталыққа профилактикалық тексеруден өтейін деп  келдім. Барлығы тегін.  Орталықта үнемі ашық есік күні болып тұрады. Рахмет дәрігерлерге, қызметкерлерге».

Профилактикалық тексерулер тұрғындардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, онкологиялық ауруларға шалдыққандар арасында өлім-жітімді азайтып, өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етеді дейді ақ халаттылар