Түркістан облысында «ЫРЫС» микроқаржы ұйымы 2009-2018 жылдар аралығында өңірдің 17 382 тұрғыны жеңілдетілген несие және лизингке қол жеткізіп, кәсіпкерлікпен айналысып келеді.
Қаржыландырылған жобалар нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны – 16 525 адамға жеткен. Жалпы қаржыландырылған 17 мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға 34,1 млрд. теңге бағытталды. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Данияр Арынғазин мәлім етті.
«ЫРЫС» МҚҰ өткен жылы 4 млрд. 539,5 млн. теңгеге 1243 жобаны қаржыландырып, жүзеге асқан жобалар шеңберінде 1400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
«2018 жылы қаржыландырылған жобалар келесі басым бағыттар аясында жүзеге асырылды: мал шаруашылығында – 2 млрд. 199,2 млн. теңгеге 384 жоба, дала жұмыстары бойынша – 1 млрд. 518,8 млн. теңгеге 766 жоба, өндіріс саласында – 28 млн. теңгеге 3 жоба, жылыжай бойынша – 123 млн. теңгеге 15 жоба, қызмет көрсету аясында – 425,1 млн. теңгеге 53 жоба, құс шаруашылығында – 11,9 млн. теңгеге 6 жоба қаржыландырылды», — деді Данияр Манатжанұлы.
Бүгінде «ЫРЫС» микроқаржы ұйымының несие қоржыны 34,1 млрд. теңгеге жеткен. Ұйымның несие қоржынының басым бөлігін мал шаруашылығы құрайды.
Бұдан өзге, «ЫРЫС» микроқаржы ұйымы 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап жас кәсіпкерлерге көмек ретінде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын қолға алған. Бағдарлама талабы бойынша жасы 18-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерге 2 млн.теңгеге дейін жеңілдетілген несие кепіл мүлкі немесе алғашқы жарна талап етілмей-ақ беріліп келеді. Жоба бүгінгі күні сәтті жүргізіліп, 20 млн. теңгені құрайтын 10 үздік жоба қаржыландырылды.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі