Беташар – бірінші той

5755

Қазақ халқының жаңа түскен келінге қатысты салт-дәстүрлері жетерлік. Солардың бірі – байырғы заманнан әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан беташар дәстүрі. Халқымызда беташар дәстүрі өтпейінше жас келіннің жүзін сол ауылдың қыз-келіншектерінен басқа ешкім көрмеген. Жаңғырық айдарының бүгінгі жазарынн ұлтымыздың үйлену тойының басты ғұрпы саналатын беташардың өткені мен бүгініне арнадық.

Беташар әні – мағынасы терең құдіретті ән

Беташар дәстүрі – тұтас қазақ халқына ортақ дәстүр. Алайда «әр елдің салты басқа» демекші бұл дәстүр әр аймақта әрқалай атқарылады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ерекше дәстүр халқымыздың үйлену тойының басты ғұрпы саналады. Ең әуелі бұрын беташар қалай өткенін білу үшін Фатима апаны сөзге тарттық.
«Қазақ елінің тағы бір керемет дәстүрі: ол – беташар. Бұл дәстүріміздің түпкі мағынасы зор. Бұл жолдасының етегінен ұстап, бір өмірін бірге өткізгісі келген келін сол әулеттің табалдырығын аттағаннан кейін болатын той. Бала күнімізде келін түсіп, ақ шымылдықтың ішіне отырғаннан кейін сол ауылдың қыз-келіншектері бірінші болып көретін едік. Кішкентай қыздар қаумалап, жас келіннің қасынан шықпаймыз. Сырттағы жігіттер «келін қандай екен» десе, айтпай назданамыз. Ол кездері қазіргідей шымылдық артында келінді бір күн ғана отырғызбайды. Екі-үш күн той-тойлап, мәз-мейрам болушы едік. Келінді тек қыз-келіншектер көруінің себебі – мүлдем танымайтын ауылға, басқа әулетке түскен келін мен әйел адамдардың етене араласуы. Мұның өзі осындай себеппен жасалған дүние. Жасы келген, көпті көрген әжелер келіп, шашуын шашып, келінге ақ батасын береді. Ал қыздар онымен сөйлеседі. Қыздар арқылы көкейдегі көптеген сауалдарына жауап алған. Осылайша шымылдық артында отырып-ақ сол әулетке қатысты білуі тиіс біраз дүниесіне қанық болады. Шымылдықтың түпкі мақсаты да осы еді. Жас келіннің түскен жеріне үйренісуі. Бұрын келін келе жатқаннан сол ауылдың жас қыздары алдынан күтіп алған екен. Сол кезде келін күтіп алушыларға түрлі әшекейлер таратқан деседі. Мұны біз сол кездері аналарымыздан еститін едік»

Фатима ападан қазақ халқы жас келіннің бетін ашатын кісіні қандай қасиеттеріне қарай таңдағанын да сұрадық.
«Беташарды қазіргідей кім көрінгенге сеніп тапсырмайды. Мұнда ең бастысы – ол адам сөзге шешен болуы керек. Сонымен қатар, ел арасында беделі тасыған азамат болуы да шарт. Суырыпсалма ақындық өнері болуы да міндетті. Өйткені мұнда беташар әні орындалады. Ал өнерлі адам келін түсіп жатқан әулеттің барлық мүшелерін әнге қосып таныстырады. Осы ән арқылы оған ақыл-кеңесін берген. Енді ол еркелеп жүретін бойдақ қыз емес екенін ескерткен. Керісінше оны бір әулеттің шаңырағының шаттығы бола білуіне шақырады. Қандай жағдайда қалай әрекет жасайтынын айтқан. Оған келін болғаннан кейінгі есте сақтауы тиіс халқымыздың дәстүрлерін таныстырады. Әсіресе қайын жұртын құрметтеуді, оларды сыйлап, қайырымды болуды, ең бастысы аттаған босағасының абыройын сақтауы ескертіледі. Сондай-ақ көркем мінезді болуы қажет екені де назардан тыс қалмайды. Ең бастысы сол шаңырақтың ұрпағын жалғастыру басты парызы екенін айтады. Міне, осындай керемет құндылықтар насихатталады, бұл әнде. Сөйтіп келінді жаңа өміріне бейімдеген. Ал жаңағы өнерлі адам осы тұста жас келінге келген жерінің жетістіктерін суырыпсалма өлеңімен жеткізе білген. Міне, Беташар әнін жай ән емес, құдіретті ән деп айтсақ артық емес. Бұл – келін түсу рәсімінің басты іс-әрекеті. Ал енді анау «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сөз осындай себептерден қалған. Ол – жас келінге жаңа түскен әулетін таныстырушы, ақыл айтушы бірінші адам. Сол себепті де ол адам келінге жақын болары анық»

«Әр елдің салты басқа, мағынасы бір»

Міне, бұл әңгімеден беташар әнінің түбінде үлкен тәрбиелік мән жатқанын байқаймыз. Осы тұста жоғарыда айтқанымыздай әр аймақта әрқалай атқарылатын дәстүр турасында білу үшін жергілікті келіндерді әңгімеге тарттық.
Ғайша Жанатқызы – Петропавлск қаласының келіні. Айтуынша, ол жақта беташарды Оңтүстік еліндегідей жеке атап өтпейді. Қызды ұзатып алғаннан кейін тоймен бірге өткізеді.
«Біз жақта «беташарға» деп арнайы той жасамайды. Беташарды үлкен тоймен бірге өткізеді. Баяғыдан солай қалыптасқан. Мысалы келін түскеннен кейін ол үйге көрші-қолаңдарымен қатар жақын жерде тұратын туысқандары келуі мүмкін. Бірақ алыстағы ағайындар әуреленіп келмейді. Ал тойда барлық ағайын-туыстар жиналады ғой. Сол кезде тойханада той басталар алдын беташар болады. Адамдар да беташарға атағандарын сол мезетте тастайды. Менің беташарым солай өтті»

Байқағанымыздай тек Петропавл қаласында ғана осындай емес. Беташар Астана Алматы қалаларында тура осы салт бойынша өтеді екен. Қызылорда облысында да осыған ұқсас болады.
Ал Қызылорданың келіні Айдана Оразбаеваның айтуынша, ондағы беташар дәстүрі басқаша.

«Бізде көбінесе қызды алып қашқаннан кейін көп кешіктірмей ертеңіне той жасап жібереді. Бір қызығы алып қашқан қыздың тойына келіннің туысқандары қатыса алмайды. Мен өзім ата-анамның разылығымен қолдан ұзатылдым. Ал ұзатқан қыздың тойына өз жұрты қатысады. Мысалы менің ата-анам тойыма қатысып, жанымда болды. Ал, беташар той болатын күні той басталар алдын бір сағат бұрын басталады. Беташарда той көйлегімен тұрамыз. Бірақ басымызға міндетті түрде ақ орамал жабылып оның бір ұшына тағы бір орамал жалғанады да сол орамалдың ұшын оқтауға байлайды. Естуімше, Арал, Қазалы жақта орамалға қосымша қызыл мата байлайды екен. Ондағы себеп – жас келінге көз тимесін дегенді білдірсе керек. Ал ақ орамалға оқтау байлаудың сыры қадамың оң болсын, түскен әулетіңе аппақ адал болып, үй шаруасына пысық болсын дегенді білдіреді. Бұрындары «оқтау орнына қамшы да байлаған» екен. Біз жақта бұл дәстүр осынысымен ерекше болса керек. Бірақ әр жерде салт басқа болғанымен түпкі мағынасы бір ғой.

«Беташар қара шаңырақта өткізілуі керек»

Осы тұста қамшы, оқтау, шыбықтың байлану себебін білу үшін Фатима апаға сұрақ қойдық.
«Күнгейліктер де беташарда жас келіннің орамалының бір бұрышына қосымша орамал байлап, жалғанған орамалдың бұрышына тиындарды түйіп, оны оқтауға байлайды. Бұл енді ененің келінге қазан-ошақтың жұмысын тапсырып, үй шаруасына пысық әрі адал болуын тілеуінің белгісі. Ал, оқтауды үйленбеген жас жігітке ұстату керек. Немесе сол үйленіп жатқан жігіттің бойдақ досы ұстауына да болады. Оның себебі «сенің де бір басың екеу болсын, досыңның жолын саған берсін» дегенді білдіреді. Барлығы да жақсы ырым ғой. Ал оқтауды беті ашылғанан кейін келінге ұсынады»

Фатима апа беташар кезінде халық алдына шыққан келінді ақ орамалын жауып, өзінен бұрын түскен екі абысыны екі қолтығынан ұстап шығуының мәні зор екендігін де айтып өтті.
«Ұлтымызда келіннің қолтығынан отбасын шаттыққа бөлеп, үлкендердің батасын алған сол әулетке жас келіннен бұрын түскен екі абысыны сүйейді. Сол шаңырақтың туған келіндерінің біреуі бір жағынан ұстаса, келесі жағынан туысқан келін ұстайды. Бұл халқымыздың ағайын-туысқа деген көрсеткен үлкен құрметі болса керек. Осылайша орамал астында тұрған келінге сәлем салу салтын үйретеді. Бет ашатын адам әр салем сал дегенде олар да бірге иіліп, сәлем салып, енді ғана түскен келінге үлгі өнеге көрсетеді. Жалпы келіндер көп нәрсені өзінен бұрын түскен абысындары арқылы біліп үйренеді ғой. Осындай себептерден де келін басқасынан көрі абысындарына жақын болады. Қазіргі кезде кейбір жерде келіннің бетіне жабылған ақ матаның төрт бұрышынан төрт адам тіпті кейде одан да көп адамдар ұстап тұрады. Бұл енді әр өңірдің өзіндік ерекшелегі болса керек. Негізі қазақ қоғамында келіннің екі қолтығынан екі абысыны сүйеген. Қазір заманға қарай көп нәрсе өзгеріп жатыр. Сондай өзгерістердің бірі болса керек»

Бүгінде дәулеті асып-тасқандар беташар рәсімін өз шаңырағында өткізгеннен көрі түрлі тойханаларда өткізгенді жөн санайды. Бұның басты себебі – жағдайының жақсы екендігін көрсеткісі келсе керек. Біз Фатима ападан ертеден қалыптасқан дәстүрдің өз шаңырағында емес, тойханалар төрінде өткізуге қалай қарайтынын да сұрап білдік.
«Бұл дәстүр баяғыдан келіннің қайынатасының үйінде атқарылған. Мейлі үйленіп жатқан баланың басқа үйі болсын. Бәрібір қайын атасының шаңырағында өткізген дұрыс. Мұның да өзіндік себебі бар. Мұнда алдымен ел-жұрт жиналады. Барлығы жас жұбайларға батасын беріп, шашуын шашады. Шын ниеттерімен екі жасқа бақыт тілейді. Отбасының қуынышқа жайылған дастарқанынан дәм татқаннан кейін беташар рәсімі басталады. Көрдіңіз бе, келген қонақтар сол әулеттің дәмін тата отырып, осыған себепші болған екі жасқа алғысын айтады. Келіннің беті келген жұртында ашылуы керек. Соның ішінде бұл дәстүр қара шаңырақта атқарылғаны дұрыс. Мына дүниелері асып-тасып жатқан адамдар қанша ақшасы көп болса да қазағымның ертеңгі ұрпаққа мұра болып қалатын дәстүрін былғамаса екен. Ұрпақтан ұрпаққа әр буын қалтқысыз жеткізсе қандай жақсы. Келін болып келгеннен кейін алғашқы атқарылатын рәсімдердің барлығы қара шаңырақта атқарылса, ол келінге құт әкеледі. Бақ-береке қонады. Ең нәзік дәстүріміз неше түрлі іс-шаралар өтетін тойханаларда, кафелерде болмағаны абзал. Сондықтан да осы жағын бүгінгі ұрпақ ойланып, терең мағынасына жете білсе екен. Мендегі тілек осы»

Әрбір дәстүріміздің бекерден жасалмауы сияқты беташар дәстүрінің де өзіндік себептері басым. Берері мол. Мақаламызда беташар рәсімін атқару кезіндегі әрбір істің мағынасын ашып беруге тырыстық. Фатима апамыздың әңгімесі арқылы аштық да.
Қадірменді көрермен, қазақ салт-дәстүрлеріне қатысты қосар оймақтай ойыңыз болса міндетті түрде хабарласыңыз. Сіздің ой-пікіріңіз біз үшін әрқашан да маңызды екенін біле жүріңіз!

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №37, 12 қыркүйек 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті