Әр өңірдің сәлемі әр басқа

2110

«Сәлем түзелмей әлем түзелмейді» деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Себебі, адамды салған сәлеміне қарап тануға болады. Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына, тұрмыс тіршілігіне сай сәлемдесудің түрлері де әртүрлі. Алайда барлығының түпкі мақсаты бір. Ізет, сый-құрмет көрсету. Мәселен, қазақ халқы қол берісіп, төс қағыстырып, аттан немесе көліктен түсіп сәлем беріп, амандық сұрасады. Алайда қазақ келіндері үшін сәлем салудың өзгеше жоралғысы бар.
Бұл жолғы «жаңғырық» айдарында қазақ келіндерінің сәлем салу рәсімі туралы тарқата жазуды жөн көрдік.

Еліміздің әр аймағында келіндердің сәлем салу тәсілі әрқалай. Бір өңірде екі қолын айқастыра иіліп сәлем салса, батыста оң аяғымен тізерлеп тағзым етеді. Ұлттық құндылықтарымыз ұмыт болған өңірлерде бар. Алайда, таң сәріде ата-енеңе иіліп сәлем салу, дәрет суын дайындап, асатаяқты есіктің босағасына сүйеп қойып, аяқ-киімдерін киюге ыңғайлау кез келген келін үшін міндет.

ҰЯДАН ҰШЫП ӨЗГЕ ЖҰРТҚА КЕЛІН АТАНУ МІНДЕТ

Кейіпкеріміз Перизат Болаттың басына ақ жаулық түсіп, ақ босаға аттағанына үш ай. Өзі Шымкент қаласының тумасы. Бірақ Елордамыз Астана қаласына ұзатылған. Оның айтуынша, ата-енесі замануи көзқарастағы адамдар. Сәлем салуды аса талап етпепті.

Перизат Болат, жас келін:
«Өз ұямнан ұшып, өзге жұртқа келін атандым. Бірақ әлі де қайын жұртыма толықтай сіңісе алмадым. Негізі, ата-енемнің түп-тамыры Семейден. Бірақ Астанаға қоныс аударғандарына 10-жылдан асқан. Сол себепті шығар, «современный адамдар». Ата-енем қазақтың салт-дәстүрін құрметтейді, тіпті 2 жақтағы тойды да барлық әдет-ғұрыптар толықтай орындалды. Тек күнделікті орамал тағып, таңертең сәлем салуға міндеттемейді. Бірақ келген күні Шымкенттің қызы болғандықтан, ырымын жасап екі қолымды айқастырып иіліп сәлемімді салдым. Ата-енем маған өз қызындай қарайды. Сондықтан да алдарында еңкейіп сәлем салудың қажеті жоқ деп есептейді. Ал жалпы әулеттің үлкендерін көргенде сәлемімді саламын. Өз басым, заман талабына сай өмір сүру керек деп ойлаймын. Сәлем салу ескірген салттардың бірі сияқыты көрінеді».

Мақаланы дайындау барысында әлеуметтік желіні бір шолып шықтық. Бір қызығы желіде тараған бейнежазбалардың ішінен Маңғысту өңірі келіндерінің сәлем салу әдісі бізге ерекше көрінді.
Мәселен, келесі кейіпкеріміз Гүлмайра Ақтаудың тумасы. Шымкентке келін болып түскенімен сонда тұрады. Келіншектің сөзіне сенсек, ақтаулық келіндер қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Гүлмайра Сүлейменова, Ақтау қаласының тұрғыны:
«Шымкентке келім болып түскеніме 20 жылдан асты. Бірақ Ақтауда тұрамыз. Десек те, Шымкентке келгенімде басымнан орамалым түскен емес. Сәлемімді де үзген емеспін. Жасы менен үлкен жеңгелеріміз де ұлттық құндылығымыздан аттап өткен емес. Десек те, Шымкенттегі келіндердің сәлемі біздікінен өзгерек екен. Мен сәлем салғанда бұл жақтағылар таң қалған. Арасында күлгендер де болды. Ол қалыпты дүние деп ойлаймын. Өйткені, бізге де шымкенттіктердің сәлем салу әдісі қызық көрінеді. Жалпы, біз сәлем салуға ерекше көңіл бөлеміз. «Жүрдім-бардым» ретінде қарамаймыз. Оң қолымыздың алақанын жоғары қаратып, тізенің үстіне қойып, бір тіземізді барынша бүгіп сәлем саламыз. Үлкендердің батасын алмайынша кетпейміз. Ал шымкенттік келіндеріміздің жүгіріп жүріп, әрекет үсті иіле салып ары қарай жұмысын жалғастырып кете беретінін талай көрдім. Дегенмен «әр елдің салты басқа» деген бар. Сәлем салу дәстүрі әртүрлі болғанымен бәріміздің түпкі мақсатымыз бір. Амандасу, ізеттілік көрсету, үлкендердің батасын алу.

Ал, Жетісайлық келін ұлттық рухпен қаруланған тұлғаны қалыптастыру үшін қазақи жоралғыларды орындап жүру парызымыз, соның барлығы қарапайым сәлемдесуден басталады дейді.

Гүлжайнар Орынбасарова, Жетісай қаласының келіні:
«Келіндік міндетімді атқарып келе жатқаныма 5 жылдай болды. Құдайға шүкір, екі баланың анасымын. Ата-енеммен бірге тұрамын. Сол кісілердің жағдайын жасап, ықыласына бөлену менің негізгі жұмысым. Басымнан ақ орамалым түспейді. Күйеуімнің туыстарын көрген бойда иіліп сәлем де саламын. Жалпы, сәлем салу ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесінен қалыптасқан дәстүрлердің бірі ғой. Оны келесі буынға жаңа дәуірдің озық үлгілерін сіңдіре отырып, түпкі мән-мағынаны барынша түсінікті етіп жеткізу керек деп ойлаймын. Қайын-жұртқа деген сый-құрметтің ең бір үлкен нышаны іспетті болғандықтан, ата-ене де жаңадан келіп түскен келінді сәлем салуға міндеттеу қажет».

СӘЛЕМ САЛМАЙТЫНДАР ДА БАР

Ал еліміздің солтүстігінде ұлттық түп тамырымыз сәлем салу салты мүлдем сақталмаған деседі. Мұны келесі кейіпкеріміз Петропавл қаласының келіні Әсем Айтулова да растап отыр. Ол осындай дәстүрдің бар екенін тіпті естімеген екен.

Әсем Айтулова, Петропавл қаласының келіні:
«Петропавл қаласында қазақ келіндері бұрындары да сәлем салған дегенді естімеппін. Ал қазіргі күні ондай дәстүр тіптен жоқ. Олай дейтінім, осы уақытқа дейін бір де бір келіншектің сәлем салғанын көрмегенмін. Біз кәдімгідей «сәлеметсіз бе?» деп ауызша амандасамыз. Одан қалса, біз жақтың келіндерінен бастарына ақ орамалды да таққандарын аз ұшырастырасың. Өңірімізде «Бақсейіт», «Бостандық» деген қазақи ауылдар бар. Сол жұрттың келіндерінің арасынан ақ орамал тағатындарын кездестіруге болады».

Осылайша Қазақстанның әр өңірінде сәлем салу дәстүрінің бір-бірінен біршама айырмашылығы барына көзіміз жетті. Осы орайда қазақтың салт-дәстүрін насихаттаушы, еңбек ардагері, ардагер ұстаз Гүлжан Нарбекованың сәлем салу салты туралы және оның ұрпаққа берер тәрбиелік мәні жайында айтып беруін сұрадық.

Гүлжан Нарбекова, қазақтың салт-дәстүрін насихаттаушы, еңбек ардагері, ардагер ұстаз:
Бұрындары ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне барынша көңіл бөлген. Оларды үлкенге тағзым, кішіге ілтипат көрсетіп, мейірімділік, бауырмалдылық, ізеттілік сынды асыл қасиеттерге баулыған. Сол сияқты келіннің ата-енеге көрсететін құрметі де тасада қалмаған. Ұлттық құндылығымыз сәлем салудан басталады емес пе? Осы тұста келін өз міндетін біліп, ата-ене де жэас келінге өнегесін көрсете білу керек. Сол себепті «заманға сай боламыз» демей, барша келін түсіріп жатқан ата-енелер келіндеріне сәлем салғызу керек. Оны ұрыспай, мағыналы сөзбен, «Қарағым, көшеде үлкендерге сәлем сал!», «Үйде атаңа сәлем сал!» деген ақылын айтып отырса жетеді. Менің екі келінім бар. Әрқайсысы 6 баладан тәрбиелеп отыр. Еншісін алып, бөлек тұратын келінім де қолымдағысы да сәлемдерін үзген емес. Жалпы, сәлем салу салтына тоқталатын болсақ, ол қазақтың біріңғай ұлт екенін танытатын тәрбиелік мәні зор, ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптардың бірі. Сондай-ақ, бүкіл тіршілік сыйластықта десек, бұл әрбір адамзаттың, отбасының бір-біріне деген құрметін арттыратын салттарымыздың бірегейі. Келін деген сөздің төркіні – «Кел, келінім!» дегеннен шыққан. Сондықтан жас қыз өз шаңырағынан ұзатылып, ақ босағаны аттағанда «Осы келген елім, жұртым аман болсын!», «Етегінен ұстаған ерім аман болсын!», «Осы елде өсіп-өнейін!», «Осы елді бақытты қылайын!» деген ниетпен табалдырықты оң аяқпен аттайды. Ал енді әулетке келін түсіп, үйде үлкен жақсылық болып жатқаннан кейін, ата-ана ризашылығын білдіріп қазақтың тұрақтанған дәстүрінің бірі беташар рәсімін ұйымдастырады. Яғни, бет ашу кезінде күйеудің ата-бабадан бастап барша туған-туыс, бауырларының әрбірінің атын атап, арнау өлең айтылғанда жас келін де, оны қолтықтаған жеңгелер де иіліп сәлем береді. Сол сәттен бастап жас келін барынша ыждаһаттылық танытып, әрбір шаңырақтың үлкендеріне сәлем салуын дағдыға айналдыруы керек. Отағасының ет жақындарын жолай кездестіргенде де бұл үрдіс ұмытылмауы тиіс. Ұлттық кодымызда сақталған салт бойынша келін өзі түскен әулеттің отбасы мүшелеріне, дәлірегі ата-ене, қайын-ағаларына, абысындарына, қайын ене мен қайын сіңлілеріне де таң сәріде немесе алыс сапардан келгенде иіліп сәлем салады. Сәлемін қабыл алғандар «Бақытты бол!», «Қосағыңмен қоса ағар!», «Көп жаса!» деген тілектерін айтып, өз ықыластарын осылайша білдіреді. Одан бөлек, ауыл қарттары мен ақ самайлы әжелеріміз жас келіншектің маңдайынан иіскеп, батасын береді. Осылайша, Үлкендердің келіннің сәлеміне айтылған ізгі тілектері арқылы екеуара сыйластық мығымдай түседі. Мұнда тәрбиенің негізгі бір өзегі жатыр. Бұл арқылы келіннің анасынан, өз ұясынан алған тәлім-тәрбиесінің айқын көрінісін байқауға болады. «Жас келін – қызыңдай, жақсы күйеу – ұлыңдай» демекші жаңа түскен келін бір әулеттің тұтқасын ұстап, түтінін түтететін отан анасы болғандықтан, ата-енесінің жағдайын жасап, ұрпақ жалғастыру жолында өз үлесін қосуға талпынған.

СӘЛЕМ САЛУДЫҢ 3 ТҮРІ БАР

Ардагер ұстаз Гүлжан Нарбекованың айтуынша, күнгейде сәлем салу салтының 3 түрі бар екен. Біріншісі – келіннің күйеуінің ет жақындарымен амандасу, сәлемдесу кезінде атқарылса, екіншісі – қазақ халқының үлкен асы етті жеген соң орындалады. Яғни, дәрстүр бойынша ас желінген соң міндетті түрде қарияларамыз бата оқиды. Кейіннен дастархан төрінде отырған кісі табақ ұсынған кезде келін иіліп сәлемін жасап барып табағын алады екен. Бұл дәстүр, әсіресе, шаңырақта үлкен қуаныш немесе ас беру, құдайы ауқат секілді жиындар болған кезде атқарылған. Сонымен қатар, сәлем салудың үшінші түрі бар. Гүлжамал апа бұл әже-апаларымыз, абысын-ажындар, қыз-келіншектердің арнайы жиналатын отырысында атқарылатынын айтады.
Қонақтар енді түскен келіннің қолынан шай ішуге ниеттеніп келеді. Тек шай ішіп қана қоймай, келіннің әрбір іс-қимылана, сөйлеген сөзі мен сөйлеу мәнеріне зейін беріп, сын көзбен қарап отырады. Сол кезде жас келін қолындағы кесесін нәзік білегімен ақырын ұзатып, көрегендігін танытып сәлем салуы тиіс. Бұл кезде де ақ жаулықты әжелеріміз келіншектің ізетін қабыл алып, «Осы әулеттің қадірлі келіні бол!» деген өсиетті сөздерін жеткізеді. Осылайша, алғасын білдіріп тарқасып жатады.

 

СӘЛЕМ САЛУДАН КІМДЕР БОСАТЫЛАДЫ?

Сондай-ақ, ардагер әжеміздің айтуынша, күйеуі бақилық болған келіндерді сәлем салу салтынан босатқан.
Күйеуі қайтыс болған келінді әулеттің үлкендері сәлем салу салтынан біржолата босатқан. Ондағысы үлкендердің, «Келіннің ендігі жерде басы иілмесін! Жүзі төмен қарамасын! Қызымыздай болсын!» деп көрсеткен ақ көңілді ниеті. Сондай-ақ, бұған жары бақилық болып, қайғыдан қан жұтқан жанды жұбатудың, екеура туыстық байланысты суы-тып алмаудың өзіндік үлгісі ретінде қараған. Осының барлығы қазақтың тәлім-тәрбиесінен туындап отыр. Бұл мәдениеттің биік шоқтығы, үлкенге деген сый-құрметтің көрнекі үлгісі!

Келінді сәлемнен босатуға қатысты бұдан басқа да жағдайлар кездеседі. Мәселен, ата салтымыз бойынша жүкті әйелге иіліп сәлем салмауына рұқсат еткен. Әсіресе, әулеттің үлкендері, қайын ағалары аяғы ауыр келіннің көзіне көрінбеуге тырысып, маңынан алыс жүруге талпынған. Өйткені, олар алдымен жүкті келіндерін ыңғайсыз жағдайға қалдырмауды ойлаған. Әрдайым сәлемін білдіріп жүрген келін бір жағынан иілмеуге қысылады, ұялады. Ал екінші жағынан, күйеуінің бауырлары ондай сәтте келінге келін деп емес, келешек ана деген көзқараспен қарап, құрметін солай көрсеткен.
«Сәлем сөздің – анасы». Ендеше, лайым сәлеміміз түзу болсын! Қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұстана білген нәзік жандылардың инабатты әрі ибалы болары сөзсіз.

Айя Мүтәлі

«Оңтүстік Рабат» газеті, №39, 26 қыркүйек 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті