Назарбаев Зияткерлік мектебінің бітірушілері бүгінде еліміздегі, қала берді шетелдегі іргелі оқу орнының студенттері. Білімді ұрпақ мамандықтарын ең үздік оқу ордаларында меңгеріп шығады. Оларға артылған міндеттің жүгі де ауыр.

Кешегі оқушы, бүгінгі студент өзі білім алған мектептің шәкірттерімен кездесті. Қаламыздағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін бүгінге дейін 409 оқушы бітіріп шыққан.

Аружан Мәмбеталиева, Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі: «Назарбаев мектебі бұл – еліміздегі барлық жағдайы жасалған жалғыз платформа. НЗМ өз оқушыларының сапалы білім алуы үшін бар мүмкіндікті қарастырады. Химия, биология, физика сынды пәндерді тереңдетіп оқытады. Өзім бүгінгі таңда гуманитарлық бағытта білім алудамын. Бір айтарым, НЗМ оқушылары өздерінің патриоттық рухымен, мектебіміз берген тәрбиемен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Өзіммен бірге бітірген құрдастарыма қарап сүйсініп тұрмын. Алға жылжығандықтарын бірден байқадым. Болашақта ел дамуына бірге үлес қосамыз деген ойдамын».

Түрлі тақырыптар бойынша бір мезетте бөлек-бөлек аудиторияларда 30-ға тарта спикер сөз сөйледі. Біреуі мамандық таңдауда кететін қателіктері жайлы айтса, енді бірі шетелде білім алудың артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы сөз етті. Аталған дәріске қатысқандардың арасында 8-сынып оқушысы Бөрте Құрбанбай де бар. Өзіне қажетті ақпардың барлығын бір дәрістен алғанына ол бек қуанышты.

Бөрте Құрбанбай, Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы: «Маған бұл дәріс өте пайдалы болды. Бір тақырыпта төрт адамның дәрісін тыңдадым. Ішінен бүгінде Гонконг техникалық университетінде білім алып жатқан қыздың дәрісі ерекше ұнады. Өз өмірінен мысалдар келтіре отырып, қарапайым тілде жеткізе білді».

Меруерт Ахан