Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – медбикенің арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмысы көп. Медицинаның негізгі күші саналатын медбикелер сырқаттың келіп түскенінен сауығып, аяғына тұрып кеткеніне дейін бәйек болады. Әйткенмен, медбикелердің еңбегі дәрігердің көлеңкесінде қалып, елеусіз қалатыны және бар.
«Әкемді обыр дертінен құтқара алмадым…»
Оңтүстік Қазақстан облыстық онкологиялық диспансеріне барғанымызда кісі қарасы қалың екен. Химиотерапия бөлімінің қайда орналасқанын біліп, солай қарай бет алдық. Аталған бөлімнің медбикесі Базаркүл Әбуова диагнозы туралы алғаш естіп, жылаған 21-22 жас шамасындағы жігітті жылы сөздерімен жұбатып, психологиялық тұрғыда дайындап жатты. Мұны көріп, мейірбике Базаркүл өз ісінің маманы екенін аңғардық. Бастысы, жас жігіт өз-өзін қолына алып, үмітінің барына сеніп әрі қарай ем қабылдауға кетті.
Обыр дертін ота жасау, сәулемен емдеу және химиотерапия сынды үш тәсіл арқылы ғана емдейді. Қатерлі ісіктің түріне және күрделілігіне байланысты науқасқа кейде бірінші не екіншісі тәсілін пайдалану ұсынылады. Бірақ барлығы бірдей химиотерапия-дан өтуге міндетті. Міне, осындай жауапкершілік жүктелген химиотерапия бөлімінің медбикесі Базаркүл Әбуова обыр дертіне шалдыққан жандарды және олардың туыстарын өте жақсы түсінеді. Себебі, бір емес бірнеше туысы, атап айтқанда әкесі, әкесінің ағасы және нағашы сіңлісі осы қатерлі дерттің құрығынан құтыла алмаған.
«Негізгі мамандығым – акушер болғанымен, тағдырдың салуымен онкологиялық ауруханаға жұмысқа келдім. Еш өкінген емеспін, себебі туыстарым осы дертке шалдыққалы бері «оларға бір жәрдемім тисе екен» деген мақсатпен еңбек еттім. Әкеме қол ұшымды бере алмадым, себебі оның дерті ең соңғы сатыға жетіп қалған екен. Ал нағашы сіңлімнің жанында жүріп, 9 курсқа дейін жетті. Бірақ Алла Тағала оны да арамыздан әкетті»
Медбикенің жұмысы қиын, тірлігі қауырт
Базаркүл Әбуова 1979 жылдан бері, 39 жыл бойына ақ халатын бір сәтке тастамай, адал қызмет етіп келеді. 70-жылдары Шымкент медициналық училищесін бітірген ол еңбек жолын Маңғыстау облысынан бастаған.
— 2,5 жыл сол жақта жұмыс істеп, кейін Шымкенттегі перзентханаға ауыстым. Екі жыл перзентханада қызмет етіп жүргенімде қолыма жара шығып, содан акушерлікті тастап, 1983 жылдың 17 наурызында онкологиялық ауруханаға ауыстым,- дейді медбике.
Алғашында химиотерапия бөліміне медбике болып келген ол, 1992 жылы радиология бөліміне аға медбике қызметіне ауысады. Кейін 2012 жылдан бері химиотерапия бөліміне медбике болып келеді.
– Сырт қарағанға медбике қызметі қиын жұмыс тәрізді көрінбейді. Бірақ медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Егуін жасайды, дәрісін уақытылы береді, төсек-орын, ас-ауқаты, хал-ахуалын күні-түні бақылап, науқасқа қарайтын медбикелер,- дейді ол.
Базаркүл Әбуова, ОҚО онкологиялық диспансерінің химиотерапия бөлімінің медбикесі: «Басқа емханаларға түскен науқастар біраз уақыттан кейін сауығып, аяқтарына тұрып кететінін біледі. Ал біздің бөлімге келген пациенттер, яғни обыр дертіне шалдыққандар «аз ғұмырым қалды» деп сезінеді. Оларға біз жасаған ем-домнан бөлек, жанына дауа болатын жақсы, жылы сөздер керек. Бірақ кейде ауруы әбден меңдеген науқасты жұбата алмайтын сәттеріміз болады. Ең бас-тысы пациенттерімізден бізге сенуін сұраймыз. Өйткені, бізге сенбейінше ем қонбайды»
Жалақы еңбекке сай емес
Онкологиялық диспансер ішін аралап жүргенімізде: қай медициналық мекемені де мейірбикелерсіз елестету мүмкін емесіне көзіміз жетті. Ары-бері зыр жүгіріп, науқастың жанынан табылатыны – мейірбикелер.
– Бізге келген пациенттердің лейкоциті, гемоглобині төмен болады. Сондықтан барлығына тамыры арқылы химиотерапиялық дәрілер құямыз. Кейбірі бір химиотерапияны жалғыз күн алады. Сондай-ақ полихимиотерапия деген бар. Бірнеше препарат салынады. Бір химияны 4-5-ке бөліп салатын кезіміз болады. Бұл «монохимиотерапия» деп аталады. Жұмыстың көптігі соншалық – тамақ ішуге уақытымыз болмай қалады. Сенбі, жексенбі күні де жұмыс азаймайды. Өйткені, пациенттеріміз күнделікті система алып отыруы керек. Әр химияны салған кезде медбикенің денсаулығына зақым келеді. Себебі барлық қоспаны өзі дайындайды. Бір ай химия салғаннан кейін медбике ауысады. Себебі гемоглобин, лейкоцитіміз түсіп, бауырымыз ісіп кетеді. Медбикенің ауызы у татып кететін кездері жиі болады. Күнделікті хлормен жұмыс жасаймыз. Себебі бір науқастың инфекциясы басқа жаққа таралмауы керек. Бірақ, жалақымыз сонша еңбегімізді ақтамайды,- дейді Базаркүл Әбуова.
Базаркүл Әбуованың айтуынан білгеніміз — қазір химиотерапия бөлімінде 7 дәрігер, 17 медбике, 15 санитар-медбике еңбек етеді. Бөлім заманауи құрылғылармен жабдықталған. 60 төсек орын бар.
Обырмен ауыратындар жасарып барады
«Бұрындары бос орындар қалып кететін еді, қазір кереует жетпей жатыр» дейді ақ халатты абзал жан. Себебі ауыр дертке шалдыққандардың қатары артып келеді. «Мысалы, күні кеше 51 науқас түсті. 35-ін шығардық. Ал ең ауыры — онкологиялық ауруға шалдыққан сырқаттар жасарып барады» деп өкінішін білдірді.
«Онкологиялық диспансерге жұмысқа келгенімді жас едім ғой. Сол кезде бұл дертпен тек егде жастағы адамдар ауырады деп ойлайтынмын. Себебі тек 50-60-тан асқандар келетін еді. Ал қазір төсекке таңылып жатқандардың дені – жастар. Ал олармен жұмыс істеу екі есе қиын. Өйткені олар өз сырқаттары жайлы интернеттен небір ақпаратты оқиды дағыны: «болды, мен осымен өлемін» дегенді миына құйып алады. Психологиялық тұрғыдан әлсіз болып келеді»
Мейірбике Базаркүлдің айтуынша, обыр дертінің І, ІІ сатысында ауру анықталса, оны емдеп-жазуға әбден болады.
Өз ісінің маманы, ортасына құрметті де қадірлі Базаркүл жуырда бейнетінің зейнетін көрмек. 3 баланың анасы, 5 немеренің әжесі күн сайын кешкісін жұмыстан шыққанында бір сәт тоқтап, өз диспансеріне көз тас-тап, аялдайды. Осы жерде оны үміті үзілмеген науқастар күтеді, осы жерге ол керек, осы жерден ол өмірдегі өз орнын тапты.
Медбикеден аға медбикеге дейін…
«Адам өзін жақсы көруі керек. Ал өзін жақсы көру — әдемі киіну, жұртқа жақсы болып көріну емес, денсаулығын күту». Бұл — Шымкент қалалық орталық емханасының терапия бөлімінің аға медбикесі Феруза Сариеваның айтқаны.
Аға медбикенің қарамағында 20 медбике бар. «Әрқайсының білімі, мінез-құлқы әртүрлі. Сондықтан әрбірімен жеке-жеке жұмыс істеп, бағыт-бағдар көрсету басты міндетім» деп білетін ол: медицина қызметі дамып, бір жүйеге келу үшін медбикелерді білім деңгейін көтеретін оқуларға жиі жіберіп, біліктілігін арттырып отыру керегін айтады.
Феруза Сариева, Шымкент қалалық орталық емханасының терапия бөлімінің аға медбикесі:
– Жалпы медбикелерге қанша ізденсе де артық етпейді. Өйткені, адам жанына араша түсу білім мен біліктілікті талап етеді. Өзімнің медбикеден аға медбике дәрежесіне дейін өсуім, еңбектің, ізденімпаздықтың арқасы. Тек дәреже ғана емес, жүктелетін міндет те екі еселенді».
Иә, расымен де бөлім құжаттарымен айналысып, басшылармен жұмыс жасайтын, ол – аға мейірбикелер. Өзі жетекшілік ететін медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеп, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалап, қол астындағы қызметкерлерді науқасты күтіп-баптауға үйрету тікелей соның жауапкершілігінде. Мұнымен қатар, жұмыс сапасын арттыру, шаруашылық бөлімді қадағалау, дәрігердің нұсқауларын сапалы орындау мен қажетті дәрілерге ұсыныс жасап, оларды медбикелерге уақытылы бөліп отыру да – аға мейірбикенің құзіретіндегі іс.
Медбикелердің санаты үшке бөлінеді
Аға медбике Ферузаның айтуынша, талапқа сәйкес, медбикелер 5 жыл сайын біліктілігін арттырып отыруға міндетті екен және жиі семинар, тренингтерге жіберіліп тұруы тиіс. Ал медбикелер санат бойынша 3 топқа бөлінеді:
Үшінші дәрежелі медбике. Бұл дәре-жені иемдену үшін 5 жылға дейінгі еңбек өтіліңіз және қосымша 108 сағат оқу;
Екінші дәрежелі медбике болу үшін 5 жылдан жоғары еңбек өтілі және 230 сағат оқу;
Бірінші дәрежелі (ең жоғары) медбике болу үшін 10 жылдан жоғары еңбек өтілі болу керек.
Айта кету керек, барлық дәрежені растау үшін арнайы емтихандардан сүрінбей өтіп, сертификат алғанда ғана иемденуге болады. Сондай-ақ, дәрежені әр 5 жыл сайын растап отыру қажет. Ал әр дәреженің деңгейі медбикенің жалақысына әсер етеді екен.
Медбике бола алмайтындар да бар
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медбике ісінен бөлек, фельдшер мамандығын бітірген студенттер де медбике бола алады. Тек қосымша оқып, сертификат алу керек. Ал инфекциялық ауру түрлерімен ауырған немесе ауыратын, психикалық ауытқушылығы бар және орта арнаулы оқу орнын бітіргенін растайтын дипломы жоқ азаматтар медициналық қызметкер бола алмайды. Сондай-ақ студенттің оқуын бітіріп, дипломын алмайынша медициналық ұйымдарда жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді. Тек оқудан тыс уақытта үлгеріп жатса, санитар медбике, яғни тазалықшы болып жұмыс істей алады.
ОҚО денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызметті үйлестіру бөлімінің бас маманы Айдана Әмірбектің айтуынша, ОҚО-да медбике тапшылығы сезілмейді.
Айдана Әмірбек, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызметті үйлестіру бөлімінің бас маманы:
– ОҚО бойынша 25 381 мейірбике бар болса, олардың 11 627-сі ауылды жерде қызмет етіп жүр. Облыс бойынша мейірбикелермен қамтамасыз ету үлесі 86,8 пайызды құрайды. Бұл – еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш. ОҚО-да үш мемлекеттік медициналық колледжде (бұдан басқа 20-ға жуық жекеменшік медициналық колледждер бар) жыл сайын 1200-ден астам орташа санаттағы медицина қызметкерлері оқуын бітіреді. Бәрі де бірден жұмыспен қамтылады. Көбі Алматы, Астана қалаларына жоғары білім алу үшін кетіп жатады.
Орта буынды медицина қызметкерлері медбике, аға медбике, бас медбике мансабына дейін өседі. Медбике, аға медбике болу үшін орта оқу орнын бітіргені жайлы дипломы және біліктілігі болуы жеткілікті. Ал бас медбике болу үшін бакалавр дипломы болу керек.
Медбике бакалаврын дайындауы мүмкін колледж
ОҚО-да бұған дейін бакалавр дипломын оқытатын колледж болмаған. Бірақ биылғы оқу жылынан бастап ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы Шымкент жоғары медициналық колледжі МКК бакалавр дәрежесін иемденуге мүмкіндік жасауды жоспарлап отыр.
Ботакөз Ташкенбаева, Шымкент жоғары медициналық колледжінің мейірбике ісі бөлімінің меңгерушісі:
«Барлық құжат дайын. Енді 2018 жылдың қыркүйегінен бастап, студенттерді қабылдаймыз. «Екі топ болады» деп жоспарлаудамыз. Біріншісі, 11-сыныптан кейін түскендер 3 жыл 10 ай оқиды. Екіншісі, әр түрлі медициналық ұйымдарда еңбек етіп жүрген, үш жыл еңбек өтілі бар медициналық қызметкерлер. Бұл диплом мейірбикелерге бас мейірбике, сондай-ақ бас дәрігердің мейірбике ісі бойынша орынбасары қызметіне дейін көтерілуіне мүмкіндік береді»
86 жылдық тарихы бар оқу ордасында білім алу ақысы – 255 мың теңге. Мұнда 1632 студент білім алып жатыр. Олардың 545-і «Мейірбике ісі» мамандығында оқиды. Барлығы да ақ халатын киіп, ақ алақанымен науқас жанға жылу сыйлайтын болашақ медициналық қызметкерлер.
Мейірбикелер марапатқа лайық
Медбикелердің еңбектері қандай марапатқа болса да лайық. Мейірбикелердің кәсіби мерекесінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жыл бойына үздіксіз еңбек етіп, көзге түскен үздік медбикелерді құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Еңбегі еленіп, жұлдызы жанғандардың бірі — облыстық клиникалық ауруханасының №2 хирургия бөлімшесінің аға медбикесі Айнұр Мақұлбекова.
Айнұр Мақұлбекова, облыстық клиникалық ауруханасының №2 хирургия бөлімшесінің аға медбикесі:
– 2011 жылдан бері облыстық клиникада қызмет етемін. «Үздік мейірбике» номинациясына лайық екенімді дәлелдеп жүрмін. Оны ұжым да, халық та көріп жүр. «Осындай марапаттар көптеп болсын» деймін. Себебі қызметкерлерді ынталандырады екен»
Мейірбике еңбегінің жемісін күнде көріп отырады. Ауруынан сауығып, ауруханадан шығып бара жатқан жандардың жүректен шыққан жылы сөздері мен ыстық лебіздері олар үшін кез келген марапаттан артық.
Әлия ӘДІЛБЕК
«Оңтүстік Рабат» газеті, №20, 16 мамыр 2018 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті