«Үйіміз ертең бұзылады» деп отырғанымызға 10 жыл болды»

366

Үйлерінің орналасуында реттілік жоқ, көшелері тар, күл-қоқысқа толы Ескі қала мен пен Қошқарата өзенінің жағалауы адам танымастай өзгереді десек, қазір ешкім сене қоймас. Әйткенмен, қала әкімдігінің жоспарына қарасақ, жақын келешекте бұл екі мекен жаңа кейіпке еніп, түбегейлі өзгереді. Алғышарттары бар. Ордабасы алаңынан Ескі қалашыққа, одан әрмен «Шымкент плаза» сауда үйіне дейінгі аумақ заманауи қалыпқа келтіріліп жатыр.

«Ескі қаладан» қорғанға дейін…

Әлем туристерін аспанмен таласқан зәулім ғимараттар қызықтыра алмайтыны анық. Олар табаны тиген жердің тарихымен танысқанды құп көреді. Осындайда тарихи тамыры тереңге жайылған Шымқаланың көне аумағы туристер үшін таптырмас орынға айналғалы тұр.
Қошқарата өзенінің Ордабасы алаңынан басталар тұсы мен Ескі қалашық аумағы қайта құрылымдаудан өткізіледі. Өзенге жапсарлай салынған қора-қопсы, үй-жайларының орнына абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жуырда тарихи маңызы бар осы жоба туралы толығырақ білу үшін Шымкент қалалық жер қатынастары бөліміне сұрау салып, хат жолдамақ болдық. Сөйтсек сұраныс хат жолдауды да қиынға айналдырыпты. Бөлімнің жауапты мамандары сұраныс хатты Фронт офис арқылы жіберуімізді өтінді. Әйтпесе жауап бере алмайтындарын қоса ескертті.
Қош, сонымен аталмыш орталыққа барып, сағаттап кезек күтіп, әзер дегенде сұраныс хатымызды тапсырдық. Қабылдап алған маман 1 айдан кейін жауап болатынын айтты. Журналистің ақпаратқа қол жеткізуіне қатысты заң баптарын алға тартып, қайта-қайта сұрау сала жүріп, апта көлемінде жауапты алдық.
Сонымен Шымкент қаласының Бас жос-парына сәйкес, Көне қалашық құрылысын салу үшін Ескі қала аумағы қарастырылған. Ескі қалашық аумағында жалпы алаңы 23 га жер учаскесінің ішінде 234 меншік иесінің жылжымайтын мүліктері мемлекет мұқтажына мәжбүрлі түрде алынады. Тәуелсіз бағалаушы компания мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүліктерді бағалайды. Қазіргі таңда Ескі қалашық бойынша 13 меншік иесі ұсынылған өтемақымен келісіпті. Оларға өтемақы төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 12 – меншік иесі ұсынылған өтемақыға келіспеуіне байланысты сотқа мәжбүрлеп сатып алуға талап-арыз берілген. 209 жылжымайтын мүлік бойынша жұмыс жалғасуда.
«Ескі қала» егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша Қошқарата өзенінің жағалауы демалыс және қорғау аймағы болып бекітілген. «Қошқарата» өзенінің жағалауын абаттандыру құрылысына Тоқаев көшесінен Жангелді көшесі аралығында 68 құрылыс нысаны (тұрғын үй, қосымша құрылыс, көлік жайлар) мен 28 бос жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынуға жатады.


Сұлтан Мұратов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Жылжымайтын мүліктердің құнын өтеу үшін, ҚР «Жер кодексі» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңдарына сәйкес, мемлекеттік сатып алу келісімшарты негізінде тәуелсіз бағалаушы компания анықталады. Тәуелсіз бағалаушы компания мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскелерімен өзге де жылжымайтын мүліктерді бағалайды.

Ескі үйдің орнына…

Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев бастаған жұмысшы топ журналистерге Ескі қалашық, Қошқарата өзені аумағындағы абаттандыру жобасын таныстырды. Қошқарата өзенінің бойынан бастап Ескі қалашықты аралап «Шымкент плаза» сауда үйіне дейінгі аралықты жаяу жүріп өткен әкімдер жұмыс барысын көрді. Бүгінде «Қошқар-ата» өзенінің бойын абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Тыңғылықты жоба бойынша онда алдымен өзен жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 1 200 метр жер демалыс орнына айналады.
Қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Қошқарата өзенінің жағалауында бой көтеретін «Қошқарата» тұрғын үй кешенінің макетін таныстырды. Заманауи үлгіде салынатын тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезең бойынша жүргізіледі. Жоба толығымен жүзеге асқанда 3 976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады. Облыс әкімі «жоғары жағындағы үйлерді мемлекет мұқтажына алу үшін келісіп жатырмыз. Оларды бұзған жағдайда үйлері қанша шаршы метр болса, жаңа үйден сонша шаршы метр үй берілетін болады» деді.
Әкім келеді дегенді естіп мұнда өздерінің өкпесін арқалай келгендер де бой көрсетті. Көшпелі көңіл күйде отырған тұрғындар қолдарына үйлерінің сүрілетіні туралы ескерту хат алғалы ұйқыдан айырылғандарын айтуда. Осында қаншама уақыттан бері мекен еткен тұрғындар мәселе тезірек шешімін тапса дейді.

Кеңесбек Ырыстанбек-ұлы, Ескі қалашық тұрғыны:
– Мұнда қоныстан-ғанымызға 20 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында 4-5 әкім ауысты. Кетер кезде «Ескі қалашық бұзылады, көшесіңдер» деп айтады да аяғы сұйылып кетеді. Не үйге қосымша құрылыс сала алмаймыз, жөндеу де жүргізе алмаймыз. «Ертең бұзыладымен» отырғанымызға 10 жыл болды. Өзеннің аңғарын абаттандырып жатыр. Бұған рахмет. Алайда Ескі қалашықтың не болатыны түсініксіз. Судың жағасының бәрі әдемі, керемет. Ал 15 метрден кейін жүріп-тұру мүмкін емес, лас жер, құлап жатқан дуал. «Соны жөндейік» десек ертең бұзыладымен отырмыз. Біреуі былай айтады. Екіншісі басқаша айтады. «Үйдің өтемақысы беріледі» дейді. Барсаң түбірі жоқ. Ешкім білмейді. Үйімді әлі көрген жоқ, бағалаған да жоқ. Сырттай тон пішу. «Анау ақша алыпты» деп айтады. Ешкім ақша алған жоқ. «Үйің қалады» десе қамданар едік. Не болатынын, не болмайтынын айту керек қой.

Ғабит Мәуленқұлов, қала әкімінің орынбасары:
– Ескі қалашықты жандандыру бойынша архитектуралық жобалар бекітілген. Ордабасы алаңының маңы босатылды. 200 метр аумақ абаттандырылды. Өтемақыға байланысты тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Заң талабы бойынша Қошқарата өзенінің төңірегі 30 метр ашық болуы керек. Бірақ көп үй салынып кеткен. Аталмыш үйлерге өтемақы төленеді. Бағалаушы компания қандай баға қояды солай өтемақы шығады. Келіспегендерге өтемақы бермей, үй ұсыныла ма, о жағы әлі нақтыланбады. Қошқарата өзенінің жоғарғы қорған жағына нақтылау жүргізілуде. Қошқарата өзенінің бастауынан «Шымкент плазаға» дейінгі аумақ 1800 метрді құрайды. Бірінші кезеңге 73 нысан түсіп тұр. Оның үшеуі өтемақы алып үлгерді. 96 жер учаскесі бойынша жұмыс атқарылуда. Д. Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Ол аумақта 73 жер телімі түсіп отыр. 33-і бойынша өтемақысы келісіліп қойған. Қалғаны сотта қаралып жатыр.
Нұрлан Архабаев, қаланың бас сәулетшісі: «Ескі қала тарихи маңызы бар аумақ болып есептелінеді. Соған сәйкес аумақты қайта құрылымдау үшін ұсыныстар дайындалған. Ескі қалашықтағы тарихи нысандарды келбетіне келтіру мақсатында сол маңдағы құрылыстардың қас беттеріне жөндеу жүргізіліп, ішкі құрылымдарына жөндеу жасалады. Онда сауда орындары, қолоөнер шеберханалары болады. Мұның барлығы болашақтың жұмысы. Ескі қала аумағының тұрғындары өз үйлерін қайта құрылымдауға қатысуы мүмкін.

Өтемақыға келіспейтін тұрғындар да бар

«Ескі қалашық аумағы сүріледі» дегелі мұндағы тұрғындардан маза қашқан. Көшпелі көңіл-күйде отырған тұрғындар тіпті баспанасыз қалып кетеміз деген үрейлері де жоқ емес. Бағалаушы компанияның берген бағасымен келіспей соттасып жатқандары да бар. Оларды да түсінуге болады. Осы аумақта қоныстанғанына бір ғасырға жуық уақыт өтсе, кейбірі 30-40 жылдан бері тұрып келеді. Қошқарата аумағындағы біраз тұрғындарға 17 млн теңге көлемінде өтемақы шығарылған екен. Бірі келіспеген, енді бірі мұндай бағаға орталықтан үй алуға мүлде жетпейді деп ашынады. Рас, үй бағасы аспандап тұр, құрылыс материалдарының бағасы да шарықтап кеткен. Жылы мекенін тастап, қаланың шеткі аумағына көшкісі келмейтіндердің қарасы қалың. Таразының бір басында елдің игілігі, екінші басында жеке тұрғындардың жанайқайы тұр. Соңғы нүктені сот қояды. Бірақ таразы басы қай жаққа ауатыны әлі белгісіз. Әйтеуір бір шешімі табылады ғой. Бірақ ұзаққа созылар түрі бар.

Галина Троцан, Қошқарата шағынауданының тұрғыны:
– Қошқарата өзенінің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі аумақта әр 4 жыл сайын осы мәселе көтеріледі. Былтыр осы аумақ тұрғындары үйлерінің сүрілетіні жайлы ескерту хат алған. Барлығының үйіне арест қойылған. «Бион» ЖШС-і бағалаған өтемақыға келіскендер де бар. Ақшаларын күтуде. Алайда әлі берген жоқ. Ал келіспегендерді сотқа шақыруда. Олар соттасып жатыр. Маған бағалау қағазын берген жоқ. Көршілеріме берген.

Лейла Мирзаева, Қошқарата шағынауданының тұрғыны:
– Үйіміздің сүрілетіні жайлы ескерту хат наурыз айында келген. Мен келіспейтінімді айттым. Сотқа барып жатырмыз. «Бион» ЖШС-і бағалау жүргізді. Учаскемізде екі үй тұр. Екі отбасы тұрамыз. Осы үйімізді 10 жыл бойы тұрғыздық. Ішің ашиды. Береміз деген өтемақыларының көлемі орталықтан үй алуға жетпейді де. Қаланың қақ ортасы, бәрі айналамызда. Мектеп, балабақша, емхана дегендей. Берген ақшаларына екі үй ала алмаймыз ғой. Мен мүлдем келіспеймін. Соттың да қандай нүкте қояры белгісіз.

Гүлжан ЖҰМАШ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №19, 9 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті