Ескі қалашық: Аулаларды жылан қаптап кетті

177

Шымкенттік Иванятовтар отбасы үйлерінің сүрілетінін біраздан бері біледі. Алайда ол жұмыстар нақты қашан жүргізілетінін ешкім дөп басып айтпапты. Жауаптылар бұл аумаққа алдымен тексеру жұмыстарын жүргізіп, кейін нұсқамаға енгізген. Аталған отбасы кез-келген келісімге дайын. Бастысы жер комитеті сатып алу жұмыстарын жылдамдатса екен дейді.

Ескі қалашықтың аумағындағы үйлер толығымен сүрілмегеніне қарамастан цитадельде құрылыс қарқынды жүргізілуде. Сол себептен тұрғындар қайта жаңғырту жұмыстары өмірімізге қауіп төндіреді деп дабыл қағуда.

Топырақты үй қоршауларының жанына тастаған сайын, су аралас балшық аулаларын былғап жатыр. Татьяна Иванятованың айтуынша, бұл жұмыстар тұрғындарға ешбір ескертусіз жүзеге асып жатыр екен.

Татьяна Иванятова, қала тұрғыны: «Біз ескі қалашыққа жаңғырту жұмыстарын жүргізіліп жатқанын түсінеміз. Әрине, мұны қолдаймыз. Бірақ жақын орналасқан үйімізді қайтпекпіз? Барлық үйдің айналасын бұзып, тек біздің үйді қалдырды. Міне, құрылыс жүргізіліп жатыр. Бүкіл саз-балшық біздің үйге келеді. Тіпті, қазба жұмыстары кезінде табылған жыландардың ұясы да бұзылып, ауламызды жылан қаптап кетті. Балаларымыз сыртқа шығып ойнаудан қалды. Қорқынышты ғой!».

Шиеленіскен мәселе шешімін таппай келеді. Жер қатынастары басқармасының жоспары бойынша бұл үйлер 2021 жылы сүріледі. Сала жауаптылары қазіргі құрылыстың барлық жұмыстары заңды екенін алға тартады. Айта кетерлігі, бүгінде ескі қалашықта 66-ға жуық үйді сүру жұмыстары кейінге қалған.

Сұлтан Мұратов, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының өкілі: «Жерді алу келесі жылы ғана жүргізіледі. Егер тұрғындар келіссе, біз нарықтық баға бойынша бағалауды жүргіземіз, егер жоқ болса, сот арқылы сатып аламыз. Ал қалашықтағы құрылыс заң бойынша жүріп жатыр».

Диляра СЕЙІТНҰРОВА, Ескі қалашық құрылысының үйлестірушісі: «Мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Ал тұрғындардың қолайсыздығын сәл болсын азайту үшін сотқа шағымдануына кеңес беремін. Наурыз айында бюджетті оңтайландыру жүргізіліп жатыр деп бізге біраз күте тұрыңдар деді. Әйтпесе біз үйлерді нарықтағы бағамен сатып алып, барлық жұмыстарды аяқтайтын едік».

Кейінірек белгілі болғаны, мұндағы үйлерді сүру мәселесі қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жеке бақылауында екен. Әл-Фараби ауданының басшысы Ғабит Мәуленқұлов тұрғындармен кездесіп те үлгеріп, мәселе түйіні ертерек шешілуі үшін қолдарынан келгенін жасауға уәде беріп те қойған көрінеді.