Шымкентте халықты әбігерге салған жол құрылысы биыл да аяқталмайды

49

Шымкенттегі Әйтеке би  көшесінде жолдың күрделі құрылысы ұзаққа созылып кетті,- дейді жергілікті тұрғындар. Ескі қалашықта кәсібін дөңгелеткендер «жабылған жол бизнесімізге кері әсер етуде, салдарынан банкроттыққа ұшырадық» деп наразылығын білдірді.

Ал мердігер мекеме жолдың бұл бөлігіндегі құрылыс жұмыстарына қызыл сызықта салынған нысандар кедергі келтіріп отырғанын айтады. Қала халқы үшін маңызды бұл жол құрылысы қашан аяқталады?

Ескі қалашықтағы коммерциялық нысандардың бірінде сауда жасайтын Гүлнар  жол құрылысының салдарынан несиемді төлей алмадым, салдарынан кепілге қойылған баспанамды банк тартып алуы мүмкін дейді. Енді 12 немереммен қайда барамын деп шырылдаған ол құрылыстың аяқталуын күтіп шаршағанын айтады.

Гүлнар, жеке кәсіпкер: «Үш жыл болды құрылыстың жүріп жатқанына, арендаторларға  жалға алған алаңдарымыз үшін төлем жасау керек. Саудамызды жүргізе алмай шығынға белшемізден баттық, 3-4 айда бітіріп береміз деп еді. Созылып кетті . Кредитімізді төлей алмай банкрот болып жатырмыз көбіміз».

Жол құрылысының машақатымен осы төңіректе тұратындар жақсы таныс. Көшіп кетейін десек, жағдайымыз жоқ, амалсыздан ыңғайсыздықтарға төзіп келеміз дейді Алмагүл Айбекова.

Алмагүл Айбекова, қала тұрғыны: «Қала әкімдігінде болдым, құрылыстың ескі қалашықтағы  бөлігі 3 айда бітеді деген еді. Үшінші топтағы мүгедекпін, жүруі қиындап кетті. Көршілеріміз балалары үшін алаңдайды».

Құрылыстың екінші кезеңіне «Сити- строй» корпорациясы серіктестігі жауапты. Олар қазір «қызыл сызықта» салынған нысандар анықталып, оларды мемлекет меншігіне өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр дейді.

Тастанбек Мұстафаев, «Сити-Строй» корпорациясы ЖШС-нің учаске бастығы: «Құрылыс жүріп жатқан жолдың бойында 9 нысан бұзылуы тиіс. Тіреуіштер бетоннан жасалады. Жолдың ескі қалашықтағы бөлігін биыл аяқтауды жоспарлаудамыз».

Құрылыстың кешігуіне тағы бір себеп, жер астындағы коммуникация жүйелері де бастапқы жобалық-сметалық құжатта ескерілмеген. Сондықтан биыл бас
құжатқа түзетулер енгізіліп жатыр.

«Бастапқы құны 6-7 млрд теңге. Көше жолының 1 шақырым 700 метр, ені 60, екі көпір, бірнеше жолақты жол болады», – дейді учаске бастығы.

Жобалық-сметалық құжат бойынша нысан 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Құжатқа енгізілетін түзетулерді қарастыруға да мерзім керек, мақұлданса құрылысты аяқтау мерзімі өзгеруі мүмкін,- дейді мердігер.