Көлшікке айналған көше биыл жөнделмек

463

Үшінші мегаполис тұрғындары өздері тұратын көше жолдарының сапасыз, қалай болса солай салынғанына наразы. Тасжол салып, су ағатын арық қалдырмаған мердігерлердің мардымсыз жұмысынан бүгінде зардап шегіп отырғандар көп.

Қақпасын емін-еркін ашудан қалған жұрт кімге шағымданарын білмейді. Жауын жауса кішігірім Венецияға айналатын көшемен жүру қиынның қиыны. Бір емес, бірнеше рет жол салған құрылысшылар арық-атыздарын биыл жүргізбек. Жоспар солай екен.

Гауһар Темірова отбасымен осы көшеге 4 жыл бұрын көшіп келген. «Содан бері күз басталып, көктем шыққанша көргеніміз осы» деп налиды. Үйден шығу мұңға айналған бұл отбасы кімнен көмек сұрарын білмейді. Жыл сайын көшенің тасжолын түзететін мердігерлер су ағатын арықты қарастырмайды. Тұрғындардың талабына «жобада жоқ» деп жауап қайырады.

Гауһар Темірова, қала тұрғыны: «Күз бен қыс айларында көшенің жағдайы осы. Далаға шыға алмай қианаламыз. Балалар мектепке шыққанда да машина өтсе су шашылып, лай болатын кездері болады. Тіпті, үйге қайта кіріп, киімдерін ауыстыратын жағдайлар да орын алған. Әкімшіліктен сұрайтынымыз арық салып берсе. Жыл сайын көшені жөндеу үшін жұмысшылар келеді. Бірақ ол асфальттің бізге ешқандай көмегі жоқ. Арық жасамайынша осы жағдай қайталана береді».

Арықсыз көшеден зәрезап болған Гаухардың отбасы ғана емес. Оның көршілері үйінің екі бөлмесіне мүлдем кіре алмайды. Қорқады. Қар мен жаңбыр суынан баспана қабырғасы үгітіліп тұр.

Юлдаш Сарымсаков, көше тұрғыны: «Жол жөндейтін мекемеге айтқанмын. Мына жерге су жүретін арық салыңдар деп. Олар уәдесін берді. Бірақ орындамады. Мердігерлер барлығын да жүрдім-бардым жасады. Жолдың жағдайын мүлдем ойламаған».

Біздің білгеніміз, 4 жыл бойы жаңбыр суы көлге айналып жататын Дулатов көшесінің жолына биыл да жөндеу жүргізілмек. Қалалық бюджеттен жолдарды жөндеуге қарастырылған 315 млн. теңгенің бір бөлігі осы көшеге де жоспарланыпты.

Нұрлан Бектұрсынов, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Дулатов көшесі бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Жаңбырдың жиналуы жайлы мәселені білеміз. Жоспарда бар».

Әзірге жерлестеріміз қонышы бар, резеңке етіктерін шеше алмайды деген сөз. Жауаптылар Шымкенттің 4 ауданы бойынша 18 мекен-жай дәл осындай жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Назерке Үкібасова