Қала орталығындағы «Сасық көл» проблемасы шешілетін болды

420

Жаңбыр мен кәріз суының сарқындысынан жиналған су қолқаны қабады. «Нұртас» шағынауданының тұрғындары бұл мәселені Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің есептік жиынында көтерген болатын.

«Елді-мекенге арнайы барып, түйіткілдің түйінін тарқатуға ықпал етемін» деп сөз берген қала басышысы уәдесінде тұрды. Осыған дейін бірнеше әкімнің тұсында шешілмеген «Сасық көл» проблемасы қалай реттеледі?

«Нұртас» шағынауданындағы бұл көлшікті жергілікті халық Сасық көл атап кеткен. Жазда бұл маңайдағы иіске шыдап тұру мүмкін емес екен. Тұрғындар бұл мәселеге қала әкімінің назарын аударған еді. Мәселеге қанығу үшін шағынауданға арнайы барамын деп уәде еткен Мұрат Әйтенов тұрғындардың сөзін жерде қалдырмады.

Халықты мезі еткен көлшікті көзбен көріп, салаға жауаптыларға тапсырма берді. Бүгін-ертең шешіле кететін мәселе емес. Алайда, сала басшылары биылдан бастап құрылыстың шығындарын есептеп, қаржы қарастыруға уәде берді.

Қала әкімі батпақты құрғатуда жергілікті тұрғындардың ұсыныстары ескеріледі деді. Шағындаудандағы балалардың мектепке баратын қара жолға да биыл әкімнің пәрменімен кезектен тыс асфальт төселетін болды.

Мақпал Рысбаева