Аталған жобалық кеңсесінің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қ.Токушев арнайы шақырылды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғимаратында ашылған «Sanaly Urpaq» жобалық кеңсесінің ашылу салтанатына Қайыржан Токушевпен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Ә.Көмекбаев, Университет ректоры О.Аяшев қатысып, ашылу лентасын қиды.
Сонымен қатар, іс-шараға «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері, барлық ЖОО «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының жетекшілері мен қалалық білім басқармасының және БАҚ өкілдері қатысты.
«Бұл жоба ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бастамасымен жүзеге асырылып отыр, қазіргі таңда, республиканың барлық облыстарында осы тұрғыдағы фронт-офистер ашылуда. Ондағы мақсат — білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықты жалпы қабылдамау үшін жағдай жасау және де білім беру мекемелерінде озық тәжірибені одан әрі пайдалану үшін пилоттық бағыттарды іске асыру болып табылады.
Әр азаматтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет. Сондықтан жастарды бала күнінен бастап отанға деген патриоттық сезім мен адалдық қасиеттерді ұялату қажет» — деді Ә.Көмекбаев.
«Sanaly Urpaq» жобалық кеңсесі қаладағы барлық ЖОО мен арнайы кәсіптік білім беру мекемелерінің өкілдерін қамтып отыр.
Жобаның негізгі бағыттарымен таныстырған Қ.Токушев, әр бағытқа жеке-жеке тоқталып өтті.
«Академиялық адалдық – білім беру сапасын және оқушылар мен студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімін қалыптастыратын басты факторлардың бірі» деп сөзін қорытындылады Қайыржан Ахметбекұлы.
Университет ректоры О.Аяшев жобалық кеңсенің Университет қабырғасынан құрылуы, ұжымға, студенттерге үлкен жауапкершілік екендігін атап өтіп, осы саладағы жұмысты Департаментпен, білім басқармасы, басқа да ЖОО-мен бірлесе жоғары деңгейде жүзеге асыруға барлық күштерін салатындығын жеткізді.