«Өмірімнің соңғы күндері өтіп жатқандай …» Қош, Мәди Қожаұлы

599

Бүгін шымкенттіктер белгілі хирург, медицина ғылымдарының докторы Мәди Биғалиевті ақтық сапарға шығарып салды. Пайғамбар жасы – 63 -ке қараған шағында өмірден озған абзал жанмен қоштасуға жерлестері, әріптестері мен билік өкілдері, туған-туыс, дос-жараны келді.

Қайғырып көңіл айту үшін қара шаңыраққа жиналған қарақұрым жұртшылықтың ішінде оның шипалы қолдарынан ем алған науқастар да бар. Әріптестері 40 жылын медицина саласына арнап, талай жанның өмірін сақтап қалған білікті маманды әсерлі естеліктермен еске алды.

Айта кетейік, Мәди Биғалиев отандық медицина саласының маңызды бағыты трансплонтология саласын енгізген әйгілі хирург 10 мыңға жуық науқасқа жаңа өмір сыйлады. Денсаулық сақтау саласында бірқатар басшылық қызметтер атқарған.

Мәди Қожаұлы өңіріміздің медицина саласы үшін орасан зор үлес қосты. Тек Қазақстан емес, хирургтің біліктілігін естіген шет елдік науқастар шекара асып, Шымкентке келген.

Бауыржан Абдуллаев, пациенті: «2006 жылы бүйрек жетіспеушілігімен ауырып, қатты науқастандым. Гемодиализге тәуелді болу деген адам басына салмасын, өте қиын нәрсе. Өмірімнің соңғы күндері өтіп жатқандай сезінетінмін. Мәди Қожаұлы маған 2016 жылы ота жасап аман алып қалды. Әкем бұрынырақ қайтыс болып кеткен еді. Әкемнен кейінгі әкем еді бұл кісі…. Жаны жәнаттан болсын!».

 

Ғалымжан Әбішев, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының міндетін атқарушы: «Мәди Биғалиев өңіріміздің медицинасына бар өмірін арнады. 9 мыңнан астам ота жасап, трансплантологияның енгізілуіне еңбек етті. Мықты маман ғана емес, адамгершілігі бір төбе еді. Ешкімге жоқ демейтін. Кез-келген адамға қол ұшын беріп, көмектесуге әзір тұратын. Ақкөңіл жан еді! Арты қайырлы болсын!».

Мақпал Рысбаева