Баспанасын сатып, кілем коллекциясын жинаған

990

Шымкентте қазақы кілемдер көрмесі өтті. Дана Бектаеваның жеке коллекциясынан жинақталған. Кәдімгі зауыттан шыққан дайын дүние емес, қолдан тоқылған. Сан ғасырлар сорабынан сыр шертетін тарихи дүниелер. Кілемдер арқылы сол заманның тарихын, тыныс тіршілігін білуге болатындай. Әр өрнек, әр ою сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады.

Бүгінде Дана Бектаеваның жеке коллекциясында 500 — ден аса кілем бар. Көрмеге ең таңдаулы деген 40 кілем қойылыпты. Еліміздегі ең үлкен кілем коллекциясы саналады. Ұлттық дүниелерді жанындай сүйетін Дана құнды дүниелерді еліміздің түкпір-түкпірінен жинаған. Әрине, оңайға соқпапты. Өйткені кілемдерді сатып алу үшін пәтерін пұлдауға тура келген, өзі айтқандай ол үшін бір ғана пәтердің ақшасы кеткен жоқ. Өзгелерден қарызға ақша алуға тура келген кездері де болыпты. Жанкешті еңбегінің арқасында сирек сездесетін құнды дүниелерге қол жеткізген. Арасында XXVIII ғасырда тоқылған кілемдер де бар. Қолдан тоқылған кілемнің құны жоғары, әрине. Ғасырлар бойы ұлттық тінін жоғалтпай сақтап келген қазақ халқының құнды шедеврі болып саналды.

Кілем бетіндегі сан алуан өрнектің тілі тым күрделі көрінетіндей. Расында оның «тілін түсінетін» мамандар әр сызықтың, тік түскен, көлденең түскен ою өрнектің айтары ойы бар екенін нақтылайды. Кілемге қарап қандай адам тоқығанын, оның сол замандағы дәрежесін, отбасының мәртебесін білуге болады дейді.

Уілдеп «ән салған» желдің, ұшқан құс пен жыбырлаған жәндіктің тілін түйсінуге қабілеті жеткен апа-әжелеріміз айнала қоршаған ортадан көрген білгендерін ішкі зердесімен кілем бетінде өрнектеген. Сондықтан да сан түрлі оюлы кілемдер мазмұнды мәнге ие. Қолмен тоқылған кілемдер қазақтың қолданбалы өнерінің биік шыңы саналады. Әрі үлкен әлеуетке ие.

Көрмені «Апаха» деп атапты. Бала жастан жақсы көрген сүйікті әжесін Апаха деп атаған екен. Қолы шебер әжесінің кілем бетіне өрнектеген оюлары асыл дүниелерге деген қызығушылығын оятқан. Әжесіне деген, әжесінің еңбегіне деген сүйіспеншілік ақыры осындай ауқымды коллекция жинауына әсер еткен.

Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов: «Әлемде кілем музейі бір ғана елде Әзірбайжанда ғана бар екен. Ол жерде кілемдерді жинақтаумен ғана айналыспай, арнайы зертхана, шеберхана қоса қарастырылған. Бір топ өнер туындыларын зерттеумен айналысса, енді бірі шеберханада кілем тоқудың қыр-сырын үйренеді. Біздің елімізде де кілем музейін неге ашпасқа? Оған бір ғана Дананың жеке коллекциясының өзі жетіп артылады. Бұл кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып қалар еді» дейді.

Дана арманы да осы. Ол үшін облыс әкіміне өтініш айта кіріпті. Ақыры облыс басшысының қолдауымен осындай айтулы көрме өткізуге қол жеткізген. Ал кілем музейін ашу бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе. Сондықтан да алдағы уақытта ұлтымыз үшін, ұрпағымыз үшін маңызы бар жобаның жерде қалмайтынына сенімі бар. Оны сақтау, келер ғасырларға жеткізу үшін аманатқа қиянат жасалмаса екен дейді. Қаншама еңбекпен жиналған дүние далада қалмаса екен деген тілегі тағы бар.

Тағы бір қорқынышы өткен ғасырларда қазақ даласында кілем тоқитын шебер қолды апа-әжелеріміз көп болған. Ал бүгінде қолмен кілем тоқу мүлде қалып барады. Зауыттан шыққан дайын дүниеге үйреніп қалған. Қолдан кілем тоқитындардың соңғы толқыны өтті. Енді алдағы уақытта кілем тоқитын қыз-келіншектерді мүлдем таба алмаспыз. Сондықтан да осы қолда бар құнды дүниелерді сақтап қалсақ екен дейді негізгі арманын жасырмай.

Сан өрнек салынған кілемдерде қазақтың қара кемпірлерінің қолының табы бар. Ұлттық өнердің иісі аңқиды. Осы баға жетпес құндылықты көздің қарашығындай сақтай алсақ, қанекей.

Еуропалықтар зауыт өнімдерінен көрі көз майын тауысып тоқыған, қолдан шыққан дүниелерді жоғары бағалайды. Қазақы кілемдерге де кезінде жоғары баға берген екен. Ал біз қолымызда тұрған құндылықтардың қадіріне жете алмай отырмыз.

Көрмедегі кілемдерде өрнектелген ою — өрнектерді дамыған технологияның өзі тоқи алмайды. Ал сол жазу, сызу жоқ кездің өзінде бір сызықтың бойына өрнектердің тінін тайдырмай сала білген апа — әжелеріміздің шеберлігіне таңдай қақпаса амал кем.

Дана кілемдердің Алматыдағы Ә.Қастеев музейінің сараптамасынан өткендігін айтады. Ал кілемдерді сақтау, жинаумен арнайы жұмысшылар айналысқанын да тілге тиек етіп өтті.

Сонау бағзы замандарда намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, түкті кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем деп сан тарауға бөлінгенін біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінде біз түкті және тақыр кілем деп екі-ақ түрі бар деп жүрміз. Ою-өрнекті әсем кілемдеріміз бүгінде наурыз мейрамында киіз үй жабдығында ғана пайдаланылатын экспонатқа айналып бара жатқаны өкінішті.

Дана Бектаева «Кілемдерді осыдан 10 жыл бұрын жинай бастадым. Уақыт өте коллекциям көбейе бастады… Бұл қазақ халқының байлығы. Ұрпақтан ұрпаққа кететін құнды жәдігері. Менің коллекциям Қазақстандағы ең бай коллекцияның бірі. Бүкіл әлем қазақ кілемінің кереметтігін таныса деймін. Қазақ халқы өте әдемі болған. Әдемі адамдар ғана осындай әдемі туынды тудыра алады. Басқа халықтардыкіне қарағанда біздің кілемдер ауқымды, үлкен. Ою-өрнектері тіптен әсем. Өйткені қазақтар ірі болған. Сондықтан да осындай туынды тудырған. Осы коллекцияны жинау үшін бір ғана пәтерім сатылған жоқ. Оған көп ақша кетті… «Нұр Отан» партиясына, облыс әкіміне хат жаздым. Өте қымбат жоба. Мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе. Жоғарыдағылар естісе деймін. Жауапты кезеңін жасадым. Ал енді менің коллекциямды меценат сатып алса деймін. Ол мемлекетке сый жасаса деген ойым бар. Ондай адам табылатын шығар…» дейді үмітін жасырмай.

Музей ашылса, оның қасынан шеберхана, жастарға кілем тоқуды үйрететін шеберхана ашылса дейді. Бүгінде көзі кетіп жатқан апалардан үйреніп қалса деген ой. Қазақтың ұлттық құндылығына қолдау білдіретін азамат табылса ол күнде алыс емес сияқты.

Гүлжан Көшерова