Тегін кілем таратамыз деп даудың астында қалды

152

Шымкентте тегін кілем таратамыз деген дүкен дауға қалды. Себебі сұрауы жоқ дүниеге қол жеткізгісі келгендердің саны көбейіп кеткен. Салдарынан акция жасап, кілемге қарық қыламыз дегендер карантин талаптары бұзылды деп уәде етілген 500 кілемді таратуды тоқтатқан.

Дүкен алдына жиналған 1000-ға жуық келушілер айтқан сөздерінде тұрсын деп наразылық танытты. Ашулы халықты басуға қаланың шенеуніктері мен тәртіп сақшыларының араласуына тура келген.

Келушілерге 500 кілем тегін сыйлаймыз деген мына жарнама әлеуметтік желіде жарықтың жылдамдығындай жылдам тараған. Бұған қуанған халық кілем дүкеніне алып ұшып келіпті. Ал, бұл жердегі жағдайдың барысы мынау. 1000-ға жуық адамның жартысы дүкен есігінің алдында тұрса, қалған жартысы аумақ қақпасынан да кіре алмаған.

Дүкен әкімшісі жиналған халыққа басу айтуға тырысты, бірақ келушілердің оған құлақ асар түрі жоқ. Олар уәде етілген кілемді таратсын деп талап қойып отыр. Мұнда түнгі сағат 00:02,00:03-терден бастап кезекте тұрғандар бар екен. Тегін кілемді алуға тек Шымкент қаласынан ғана емес, Түркістан облысысының түкпір-түкпірінен де жиналғандар бар.

Анаркүл ТӨРЕХАНОВА, тұрғын: «Таңғы жетіден бастап тұрдық, бүгін біз сғат 4-те келдік, бізден бұрын келгендер де бар».

Жұмагүл ТҰРҒЫНОВА, тұрғын: «Инстаграммда 500 тегін кілем таратамыз деп жарнама беріп алып, артынша мынандай айқай шу басталғаннан кейін қазір сөйлеп кешірім сұраған жігіт шықты да, «акция тоқтатылды, тегін кілем еш жерде жоқ деп берілмейді, болды» деді. Ол өтірік айтса, бір адамды алдамай ма? 500-1000 адамды алдауға оның қандай құқы бар?».

Ашулы халықты басуға келген жергілікті шенеуніктер санитарлық талаптың өрескел бұзылғанын растап отыр. Олар бүгіннен басқа алдыңғы екі күн қатарынан кілем таратылғанынан бейхабармыз деді.

Бұхарбай ПАРМАНОВ, Абай ауданының әкімі: «Әлеуметтік желіде үшінші күн тарқатылады халық келсін дегеннен кейін міне жиналып отыр. Енді ол кісілер тарқататын кілемдерін тарқатып қойған. Енді тарататын кілем жоқ бұл кісілерде. Халыққа тізім арқылы да, басқа жағдаймен де кілем берілмейді. Себебі жеке кәсіпкердің өзінің еркіне байланысты».

Акцияны ұйымдастырғандар бұндай ажиотаж болады деп күтпепті. Айтуынша, келушілердің саны көп болады деп ойламаған. Жалпы, тегін кілемді дүкеннің ашылуына байланысты келушілерге 3 күн қатарынан таратпақ болған.

Расул ЖАБИЕВ, кілем дүкенінің директоры: «Бүгін 500-ге жуық кілем таратамыз деген жоспар болды. Алайда, біреуін де тарата алмадық. Өкінішке орай дүкен жабық. Себебі санитарлық талаптардың бұзылуына байланысты. Бұған дейін осындай акцияларды Астана, Қарағанды қалаларында ұйымдастырғанбыз».

Кілем дүкенінің директоры көпбалалы мен мұқтаж адамдарға уәде етілген 500 кілемді үйлеріне таратып шығамыз дейді. Оны жаңа жылға дейін тарқатып үлгереміз деп отыр. Сонымен қатар, санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты жауапкершілікті өз мойынымызға алуға дайынбыз дейді. Айтуларынша 700 мың теңгеге жуық айыппұл төлейтін көрінеді.

Олжас Айдарбек