Полицейлер мал сатумен айналысатын орындар мен мал тасымалдайтын көліктерді, ет өңдейтін нүктелер мен мал соятын орындарды тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс көлемінде 40 тосқауыл бекеттері қойылды және олармен рейдтік іс шаралар атқарылды.
Соның нәтижесінде 30-дан аса барымташы ұсталып, мал ұрлығына қатысы бар 10-нан астам қылмыс ашылды. Жедел-алдын алу шарасы аясында криминалдық полицияның қызметкерлері өзге де полиция құрылымдарымен бірлесіп, мал ұрлығын ұйымдастырған 4 қылмыстық топты құрықтады.
Мәселен, «Мал ұрлаушы» жедел-алдын алу іс шарасы барысында Отырар ауданында мал ұрлығын іске асырмақшы болған қылмыстық топты ұстады. Олардың 3 жергілікті тұрғын екендігі анықталып, бірінің бұрын сотталғандығы белгілі болды.
Тергеу барысында күдіктілердің жалпы көлемі миллион теңгеден асатын 3 мал ұрлығы жайтына қатысы бар екендігі де анықталды. Қазіргі уақытта аталған жайттарға қатысты ҚР ҚК-нің 188 «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде.
Ернар Балабеков