«Қорғас» шекаралық бақылау отрядының аумағында кеше кешкілік 22 жастағы қазақстандықтан шекарашылар декларацияланбаған, жалпы салмағы 30 кг-дан асатын жүк (ұялы телефонның керек-жарақтары, «смарт-сағаттар», сымсыз құлаққаптар т.б.) анықтап, актімен «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырды.
Петропавловск шекара отрядына қарасты «Қызылжар-авто» өткізу бөлімшесінде біздің елімізден Ресейге қарай «ГАЗ 3705» акциздық маркасыз 550 блок темекі өнімдерін алып бара жатқан 53 жастағы қазақстандық; Қордай шекара отрядының «Қарасу-авто» бөлімшесінде «Ивеко Дэйли» автокөлігімен көрші елден біздің елімізге қарай 23 000 қорап темекіні рұқсат құжаттарынсыз өткізбек болған 51 жастағы қазақстандық; Бейнеуде «Нүкүс — Бейнеу» бағытындағы № 647 жолаушылар пойызының купелерінің бірінде, рундук астынан 120 шөлмек (60 литр) арақ табылып, оның иесі – 30 жастағы өзбекстандық азамат ұсталды.
Сарыағаш шекара отрядының «Жібек жолы-авто» бөлімшесінде шекарашылар алдын ала берілген ақпараттар бойынша, біздің елден Өбекстанға қарай екі «Хюндай Солярис» және «Киа Рио» автокөліктерімен өтпек болған үш Тәжікстан азаматын ұстады. Олар Ресей Федерациясы аумағындан ұрланған автокөліктерді өз елдеріне транзитпен, Қазақстан аумағы арқылы алып өтпек болған екен. Ұсталғандар автокөліктерімен бірге Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.
ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі