Шымкентте жастар бизнесіне 1 пайыздық несие беретін жоба дайындалуда

730
фото shymkala.kz

Шымкент – жастардың қаласы. Мегаполисте шағын және орта бизнесті дамытуда мүмкіндік мол. Дегенмен әлі де кәсіпкерліктің түрлі салаларын дамыту, жастарды ынталандыру, жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу – өзекті мәселе. Енді Жастар жылында қолдау күшеймек. Қалада 15 сәуірден бастап жастар кәсіпкерлігін қолдау тетіктері іске асырыла бастайды.Бұл бағытта қала әкімдігі үш жылға арналған арнайы іс-қимыл жоспарын әзірледі. Қала әкімінің орынбасары Данат Жумин бізге бұл жоспарды кеңірек әңгімелеп берді, деп хабарлайды shymkala.kz.

Әрине, бағдарлама бойынша ең алдымен жастардың қарім-қабілеттері ескеріледі, қаланың келбетін арттыру, заңсыз сауда орындарын жоюға бағытталмақ.

– Данат Есболұлы, қала әкімдігі тарапынан Жастар жылында бірқатар қолдаулар тетігі іске асатынынан хабардармыз. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз…

– Жалпы, қалада кәсіпке ынтасы зор жастар көп. Біздің басты мақсат та осы – жұмыссыздықты жою, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастар және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту. Бұл мақсатта үш жылға арналған іс-қимыл жоспары дайындалуда. Алдымен сізге мына бір жағдайды айта кетейін. Қала әкімі былтыр тамыз айының соңында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша бірқатар тапсырма жүктеген еді. Қалада жұмыссыз әйелдер өте көп. Өз-өзін жұмыспен қамтығандардың да басым бөлігі – нәзікжандылар. Одан бөлек, талдау жұмыстары көрсеткендей, кездесулер мен әкім қабылдауына да әйелдер өз мәселерімен, өтініштерімен көп келеді.

Одан бір ай өткеннен кейін Елбасы шаһарға келгенін білесіздер. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша кеңес өткізген-тін. Ол кезде де Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау бойынша батыл шешімдер қабылдау керегіне назар аударды. Бір аптадан кейін халыққа арнаған Жолдауында 2019 жыл Жастар жылы деп жариялады. Міне, бұл жағдайлар бізге ерекше шабыт берді.
Мінекей, осы мәселе жөнінде қала әкімімен кеңесіп, әйелдердің кәсіпкерлігі мен жастарды қолдаудың тетіктерін бірлесе асыруды жөн деп шештік. Қараша, желтоқсан айларында осы бағытта көптеген жұмыс істелді. Ойландық. Қандай кедергілер барына назар аудардық. Осылайша, екі бағытты да қамтитын арнайы іс-қимыл жоспарын әзірледік.

Шағын және орта бизнестің дамуына не кедергі? Біз бірқатар кедергілер бар екенін байқап отырмыз. Біріншіден, бастапқы капиталдың жоқтығы. Ең үлкен мәселе – осы. Әйел кәсіпкерлермен, жастармен кездесуде де осы сауал көп қойылды. Бәрі де жұмыс істегісі келеді. Бірақ, капиталы жоқ. Несие алғысы келсе, оның пайызы жоғары.
Екінші бөгет – кәсіпті жүргізетін орынды қайдан табамын деген мәселе. Мәселен, тігін немесе жиһаз дайындау цехын ашқысы келсе, оған өндіріс орны қажет. Ондай орындар жалға беріледі. Бағасы қымбат. Ал кәсіпті жаңадан бастаушылардың өздігінен жер алып, құрылысты жүргізе алмасы мәлім. Яғни, сауда жүргізетін орындардың қолжетімділігін нақтылау қажет. Әрине, қалада жаңадан дүңгіршектер орнатуға тыйым салынған. Қазір тұрған дүңгіршектердің көбісі заңсыз орнатылған.

Тағы бір мәселе – бизнесті ашу және жүргізу туралы барлық сауалды бір жерден шешетін орын қажет. Біз осыған назар аударуымыз керек.
Сондай-ақ, қалада интернет-дүкендер әлі дамымаған. Бұл бағытта Алматы қаласы бірінші орында тұр. Екінші – Астана. Үшінші – Қарағанды. Одан кейін Шымкент. Бізде кәсіпкерліктің түрлі салалары, сауда дамуда. Енді көп жастарды интернет-дүкендерді ашуға ынталандыруымыз керек. Қазір интернет арқылы сатып жатқандар да бар. Тек әлеуметтік желілер арқылы ғана.

Міне, осы мәселелерді зерделей келе, 3 жылға арналған арнайы іске асыру іс-қимыл жоспарын дайындадық. Жоба бойынша жастар және әйелдер кәсіпкерлігі бірлесе дамытылады. Бұл 2019-2021 жылдар аралығын қамтиды.

– Кедергілер белгілі. Енді қолдау тетіктерін кеңірек түсіндіріп өтсеңіз…

– Біз қазір бұл бағдарламаны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қорымен бірге нақтылап жатырмыз. Таяу уақытта шарттары толық мәлім болады. 1 сәуірде көпшілікке жариялаймыз. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізу де жоспарда. Бұл қолдаулардың бәрі 15 сәуірден бастап жұмыс істей бастауы тиіс.

Енді жастарды және әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың тетіктеріне тоқталсақ. Біріншіден, бір жылға 1 пайызбен несие береміз. Ең алдымен айта кететіні, шынында кәсіппен айналысуға ниетті жастарды қолдаймыз. Олар кәсіпті нақты түсініп, жан-жақты дайын болуы керек. Нендей кәсіппен шұғылданбақ? Бизнес-жоспары дайын ба? Өнімді қалай сатады? Қалай дамытады? Міне, несие қаржысы осы сауалдарға жауап беретін талапты, ынталы жастарға беріледі.

Мына бір жағдайды айта кетсем. Қалада ешкімнің көмегінсіз-ақ кәсібін дамытып жатқандар бар. 1-2 млн теңге алып та жұмысын дөңгелентіп отырғандарды білеміз. Олар «Глоубал кофе», «Сәлем кофе» секілді шағын кәсіп иегерлері. Олар банктен тұтынушылық несие алған. Қазір қалада қаншама кофе орындарын ашып тастады.
Бұл мақсатта қаржы жергілікті әкімдіктің бюджетінен, «Даму» қорынан бөлінеді. Қала бюджетінен 800 млн-ға жуық, «Даму» қорынан 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады. Жалпы, 2 млрд теңгеден астам қаржының басым бөлігі жастар кәсіпкерлігі, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға жұмсалады.

Екіншіден, бизнесті жүргізу орындары бойынша да қолдау болады. Яғни, өндірістік арендалық орындар беріледі. Әрине, жас кәсіпкерлердің бәрі бір жерде шоғырланғаны өте жақсы. Бір-бірін қолдайды. Кеңеседі. Тәжірибе алмасады. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар жағдай. Кәсіп қаншалықты бір жерде шоғырланған сайын оның әсері де мол болады. Біз осындай орынды қарастырудамыз. Әрине, коммуналды жүйелері жүргізіледі. Сонымен қатар, бұрынғы ірі зауыттардың орнынан беру де жоспарда бар. Жалпы айтқанда, 3 жылда 10 мың шаршы метр өндіріс орнын беруді жоспарлап отырмыз.

Ал өнімді сату бойынша да бірқатар жоспарлар бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладан нақты жер учаскелерін беруді де анықтаймыз. Олар адамдарға, қозғалысқа кедергі келтірмеуі керек. Оның стандарты да нақтыланады.
Бұл ретте бизнес сұрақтарын шешуге арналған «Супермаркеттер» ұйымдастыру жоспарда. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, кәсіпкерлерді барлық мәселе бойынша қолдау көрсететін орын. Іс-әрекеттегі кәсіпкер немесе бастапқы кәсіпкерболса да қолдау көрсетіледі. Яғни, жер мәселесі, сәулет, салық, микроқаржы бойынша әрбір адам сұрақтарын осы бір орыннан шешіп кете алады. Әзірге, шартты атауы осылай. Біз сәуірдің ортасына дейін супермаркетті ашсақ дейміз.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылық саласындағы қайта өңдеу саласын дамытуды көздеушілер үшін де қолдау бар. Қаладағы 70 пайыз үйлер жеке секторда. Әрқайсысында жер учаскесі бар. Соларға да қолдау бар.

Біз өз тарапымыздан барлық қолдау көрсетеміз. Әрине, басымдық өндіріске бағытталады. Егер оқу орталығын ашамын десе, бизнес жоспары нақты болса, неге қолдамасқа?!

Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? Жас ерекшеліктері қандай? Қанша қаржы беру мәселесі бойынша нақты ережесін таяуда бекітеміз.

– Жастар жылында жастар өздерін көрсетуі тиіс қой…

– Әрине, мұның бәрі де жастар өздерін көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Бизнестің мәселелері тезірек шешілуі тиіс. Сол себепті бізге шағын және орта бизнесті дамытуымыз қажет. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметкерлермен кездесуін азайтуға назар аударсақ. Болашақта кәсіпкерлердің әкімдікке келуі қажет болмай қалады. Сауалдардың бәрі интернет арқылы шешілуі тиіс. Қалада 200 мыңға жуық адам өз-өзін жұмыспен қамтығандар. Енді жастар осы мүмкіндікті пайдалануы тиіс қой.

Шымкент – республикалық маңызы бар шаһар. Еңбекқор тұрғындары да көп. Келесі жылы ТМД-ның мәдени астанасы атанғалы отырмыз. Соған орай біздің қала көрікті, ыңғайлы болса. Қаламыз Орта Азиядағы ең дамыған қала болсын десек, бәріміз атсалысуымыз керек. Бір-бірімізді қолдайық. Бізде ретсіз сауда болмауы тиіс. Бізде көп жерде заңсыз сауда әлі де бар. Осындай қолдаудан кейін ретсіз сауда да жойылуы тиіс. Заң бойынша барлық базарлар заманауи үлгіде жұмыс істеуі тиіс. Жаңа технологиялармен жабдықталуы керек. Биыл қалада 20 базар жаңғыртудан өтуі керек.